Елордада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында елордалық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: Елорда - мәдениет пен өнердің ордасы» атты дөңгелек үстел өтті.
Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратовтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстел жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, мәдениеттанушы Нелли Шиврина, Бейбітшілік және келісім сарайының директоры Наримаш Мұхамбеталина, композитор, «Радима» беларусь мәдени орталығының төрағасы Дмитрий Останькович қатысты.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайраткерлері, Нұр-Сұлтан ҚХА жастар қанатының өкілдері қатысты.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов өз сөзінде ел астанасын Сарыарқаның жүрегіне ауыстыру Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен стратегиялық шешімі екенін ерекше атап өтті.
Нұр-Сұлтан – саяси оқиғалар ғана емес, білім, ғылым және мәдениеттің орталығы. Бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен дамып, бүгінде еліміздің гүлденген және мықты астанасына айналды.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан көптеген қиындықты, қиын сәттерді еңсеріп, бүкіл әлемге танылған мемлекетке айналды. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әлемге әйгілі мемлекеттің символы болды, - деп атап өтті Сауытбек Әбдірахманов.
Сонымен қатар Бейбітшілік және келісім сарайының директоры Наримаш Мұхамбеталина астананы Ақмолаға көшіру кезіндегі Елбасының ойлары мен идеялары батыс пен шығыстың арасында гүлденген ел құрылуы керек деген идеяға негізделгенін жеткізді.
Нұр-Сұлтанда өткізілетін барлық халықаралық іс-шара осы идеямен және ұстаныммен байланысты. Бас қаланы дамытуда қол жеткізілген барлық артықшылық Рухани жаңғыру аясында өткізілетін іс-шаралардың арқасында, - деп атап өтті Наримаш Мұхамбеталина.
Нелли Шиврина өз сөзін жалғастыра отырып, алғашқы көпестік үйлер, кітапханалар, мешіттер мен ғибадатханалар, тауар айналымы мен сауда қатынастары, сондай-ақ Кеңес Одағы кезінде көпұлтты Целиноград қалай салынғаны туралы айтып, елорда тарихына жан-жақты тоқталды.
Өз кезегінде Дмитрий Останькович Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымын егжей-тегжейлі сипаттады.
Бүгінгі күні Достық үйі - қоғамдық келісім орталығында 21 этномәдени бірлестік, сондай-ақ 56 шығармашылық ұжым, ҚХА Аналар кеңесі, қоғамдық келісім кеңесі, Медиация орталығы, ҚХА Live, «Ассамблея жастары» жастар қозғалысы, «Парасат» қайырымдылық қоры, Кәсіпкерлер кеңесі, журналистер мен блогерлер клубы жұмыс істейді.
Кездесу соңында қатысушылар елорданың бүгінгі таңдағы дамуын талқылап, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы көптеген жетістіктері Нұр-Сұлтанмен байланысты екенін атап өтті.
Іс-шара барлық санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып өтті.