Елордада "Экран әуендері" ұсынылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 16 және 17 қараша күндері Камералық зал сахнасында "Астана Операның" ең танымал жобаларының бірі – "Экран әуендері" ұсынылатын болады.
"Жобаның негізі қаланғанына 7 жылдай болып қалды, әр концерт бір-біріне ұқсамайды. Осы жолы да жұртшылықты қызықты тосынсыйлар күтуде. Музыкалық кештің тұжырымдамасы үш бөлімнен тұрады: қазақстандық, кеңестік және шетелдік әуендер. Олардың әрбіреуі бірегей аспаптармен сан алуан композициялардың орындалуын қамтиды. Біз концертке қатысу үшін әйгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазинді шақырдық. "Астана Опера" балалар студиясының жас өнерпаздары тәжірибелі хор әртістерімен бірге жарқын нөмірлер дайындауда. Концертке арқау болған негізгі идея – ретро-терапия: көрермен қауым риясыз күлкіге кенеліп, жан дүниесімен тыныға алады. Бағдарлама 1 сағат 40 минутқа есептелген. Барлық шығармалар менің өңдеуімде шырқалады, олармен мен жарты жыл бойы жұмыс жасадым", – деп атап өтті жоба авторы Әлихан Ыдырысов.
Тыңдармандарға көптеген жаңа дүниелер: музыкалық туындылардың прмьералары, күлдіргі нөмірлер, ерекше сценарийлер ұсынылмақ. "Ойыншық", "Джентльмены удачи", "Балалық шағымның аспаны", "Три орешка для Золушки", "Королек – птичка певчая" кинофильмдерінен музыка және тағы басқа әуендер орындалады.