Елордада эко пакеттер тегін таратылып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Біз - таза қала үшін!» экологиялық науқаны өтіп жатыр.

Акция барысында елордалық волонтерлер қаладағы үлкен гипермаркеттерде тұтынушыларға 10 000-ға жуық эко дорбаны тегін таратты.


Аталған іс-шара қоғам назарын экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аударуды көздейді.


Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшының орынбасары Аян Ерментаев аталған іс-шараның негізгі мақсатына тоқталып, халықты табиғатты сақтауға шақырды.


Өздеріңіз көріп отырғандай, «Біз - таза қала үшін!» экологиялық акциясын ұйымдастырып отырмыз. Нұр-Сұлтан қаласының ғана емес, республиканың, әлем халқын осындай табиғи өнімдерді қолдауға шақыруды көздеп отырмыз. Бұл акцияға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, «Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ, «Eco Friend» ЖШС және Нұр-Сұлтан қаласының еріктілері белсене атсалысып отыр. Қаладағы үлкен және кішілі супермаркеттер мен гипермаркеттерге тегін түрде эко пакеттерді тарататын боламыз. Аталған акция бір апта бойы жалғасын табады. Алдағы уақытта науқан басқа да экологиялық іс-шаралармен жалғасын табады. Халықтың назарын экологиялық жағдайларға аудартып, оны қолдап, қорғауға шақырып жатырмыз, - деді ол.


Эко пакеттерді тарату барысында халықтың экосауаттылығын арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі.


Осынау акцияның демеушісі «Eco Friend» ЖШС-нің құрылтайшысы Алма Төлеубаева эко пакеттердің маңыздылығына тоқталды.


Бүгінгі күні бұрынғы өмір сүру үрдісі өзінің әсерін көрсетпей отыр. Сондықтан барлығымызға жаңа деңгейге көтеріліп, жақындарымызға, табиғатқа, қоршаған ортаға көңіл аудару керек. Полиэтилен өнімдерін пайдалануды азайтып, табиғи экологиялық пакеттерге көшу мүмкіндігі туып отыр. Түрлі эко дорбалар, сөмкелерді қолдануды ұсынамын, - деп түсіндірді құрылтайшы.


Оның сөзінше, бүгін таратылған пакеттер 7 келі салмақты көтере алады. Оның нарықтағы бағасы 70 теңгені құрайды. Сондай-ақ, эко пакет шығаратын зауыт тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана бар.


Мұндай эко пакеттер тұтынушыларға үш тілде (тілші – қазақ, орыс және ағылшын тілдері) таратылатын болады.

Бүгін Нұр-Сұлтанда «Менің таза қалам» экологиялық акциясын бастап отырмыз. Акцияның негізгі мақсаты – тұтынушыларға, сатып алушыларға, қала тұрғындарына экологиялық пакеттерді ұсыну. Бұл дорбалардың ерекшелігінің бірі – екі ай көлемінде ыдырап, жерге сеңіп кету мүмкіндігі. Бұл ең алдымен қаламыздың тазалағы үшін өте маңызды. Сондай-ақ, экологияны сақтауға үлкен мүмкіндік. Көріп тұрғандарыңыздай, эко пакеттер тегін таратылып жатыр. Бастапқыда тұтынушыларға акция түсініксіздеу болды. Кейін волонтерлер халыққа акцияның не үшін өткіліп жатқандығы туралы ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Барлық қала тұрғынын волонтерлер атынан осындай экологиялық заттарды тұтынуға шақырамын, - дейді елордалық волонтер Арайлым Сапарәлі.


Волонтердің айтуынша, бұл экологияны сақтау мақсатында волонтерлердің қатысуымен өтіп отырған алғашқы науқан емес. Олар бұған дейін қала сыртындағы өзен-көлдер аймағын қоқыстан тазарту, елорда көшелерін қардан тазарту акияларына да белсене қатысқан.

Волонтер Әділ Азатов елорда тұрғындарын экологиялық таза заттарды пайдалануға шақырды. Оның айтуынша, мұндай акциялар қаланың экологиясына көп септігін тигізеді. 


Мен өз қаламның таза болғанын қалаймын. Сол үшін осы науқанға қатысып жүрмін, - дейді ерікті.


Сонымен қатар, акцияға алғаш рет қатысып отырған гипермаркет қызметкері өз пікірімен бөлісті.


Ең алдымен акцияны ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Енді осы акция аясында әр тұтынушыға эко пакетті таратып беремін. Бұған дейін осындай акцияға атсалысып көрген емеспін. Экологияны, қоршаған ортаны сақтауға үлес қосып отырғаныма қуаныштымын. Осы акциядан кейін өзім де табиғи пакеттерді тұтынуға көшемін. Өйткені мұндай пакеттерді бір емес бірнеше рет қайта қолдануға болады, қоқыс та азаяды. Ал полиэтилен пакеті шаң-тозаңды жинайды. Тұтынушыларды осындай табиғи заттарды тұтынуға шақырамын, - деп айтты гипермаркет кассирі Рысгүл Ысқақова.

Аталған акция бүгін күні бойы жүреді. Гипермаркеттер кассаларынан елордалықтар мен қонақтар эко дорбаны тегін алуға мүмкіндіктері бар.


Науқан аясында волонтерлар 10 000-ға жуық эко дорбалар таратады. 


Айта кетейік, ұйымдастырушылар бұл соңғы экологиялық науқан емес екенін, мұндай науқандар жыл бойына жалғасатынын айтты.


 Олжас Адай
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы