Елордада екі жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
Жаңа пункттер полиция қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген, бейнетіркегіштер мен қызметтік автокөліктер бөлінген.
Астанада құқық қорғау қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында Нұра және Алматы аудандарында екі жаңа учаскелік полиция пункті ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
№53 учаскелік пункт Нұра ауданындағы Қайым Мұхамедханов көшесі, 23 мекенжайында орналасқан. “Anisa” тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында ашылған нысанның жалпы аумағы 129 шаршы метрді құрайды және онда бес қызметтік кабинет бар.
Ал №8 учаскелік пункт Алматы ауданындағы Тәуелсіздік даңғылы, 40 мекенжайында, “Байтас” тұрғын үй кешенінде орналасқан. Оның аумағы 53,4 шаршы метр, үш қызметтік кабинет қарастырылған.
Жаңа пункттер полиция қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген, бейнетіркегіштер мен қызметтік автокөліктер бөлінген.
Астана қалалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың айтуынша, бұл бастама “халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатын жүзеге асырып, тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге және құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыруға бағытталған.