Елордада екі жаңа газ қазандығы салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалада екі жаңа газ қазандығы салынады. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында айтты.

Бізде жылу беру маусымы ауа райына байланысты 7,5, тіпті 8 айға созылады. Бұл экономикаға өте үлкен жүктеме. Президент тапсырмасына сәйкес үшінші Жылу электр станасының жұмысын жандандырдық. Келер жылы іске қосуға тиіспіз. Ол 420 Гкал жылу береді немесе 6,5 млн шаршы метр тұрғын үй мен басқа да нысандарды жылумен қамтамасыз етеді, - деді ол. 
Қала басшысының атап өтуінше, елордада жыл сайын 3 млн баспана салынатын болады. Ал мұндай жағдайда аталған станса қаланы жылумен толықтай қамтамасыз ете алмайды. 
Сондықтан өткен жылы шешім қабылдап, оны Үкімет мақұлдады және әрбірі 360 Гкал болатын 2 жаңа газ қазандығының құрылысына қаржы бөлінеді. Демек, келесі жылдың соңына қарай 1 100 Гкалдан астам жылу алуымыз керек. Бұл елордамыздың, әсіресе жаңа құрылыс аудандарының ұзақмерзімді тыныс-тіршілігін қамтамасыз етеді. Мәселен, 2020 жылы тек Есіл ауданының тұрғындары 40 мың адамға өсті. Бұл облыстардағы 2-3 аудан тұрғынымен тең, - деді Алтай Көлгінов.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы