Елордада екі айлық нәрестеге ми ісігін жою үшін күрделі ота жасалды

Елордада Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері екі айлық нәрестеге ми ісігін жою үшін күрделі ота жасады, деп хабарлады BAQ.KZ.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта нәрестеге отадан кейінгі ем жүргізілуде, ол анасымен бірге палатада. Ота МӘМС аясында квота негізінде жасалған.

Баланың ата-анасы аурудың алғашқы белгілерін нәрестенің қатты мазасыздығы мен сылбырлығынан, әлсіздігінен кейін байқады.  Сонымен қатар нәрестенің басының үлкейіп, еңбегінің ісінгені байқалады. Осыдан кейін баланың анасы невропатологқа барады. Әрі қарай дәрігер мидың нейросонографиясына және КТ-ға жіберіп, онда гидроцефалия белгілері, орташа клиникалық декомпенсация сатысында мидың оң жақ қарыншасының көлемді ісігі анықталады.

Сәбиге алғашқы «Вентрикулоперитонеальді шунттау» отасы Алматы қаласының №2 ҚБА-да жасалды. Дәрігерлер консилиумында екінші отаны Ұлттық нейрохирургия орталығында жасау жоспарланған болатын. 

Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғ.І.Өлеңбай атап өткендей, отаның күрделілігі, осы жастағы бала үшін ісік жеткілікті дәрежеде үлкен (4*3 см.) және функционалды маңызды аймақта болғандығында еді. Сонымен қатар, ота кезінде қан жоғалту қаупі жоғары, соңы ауыр асқынуларға, тіпті  өлімге дейін апаруы мүмкін болды. Ісік туа біткен және нәресте құрсақта жатқанда пайда болған, бұл сирек кездесетін құбылыс.  

Біз микрохирургиялық араласу жүргіздік, оң жақ қарыншаның артқы мүйізінің қарыншаішілік ісігін алып тастадық, бұл жерде барлық заманауи әдістер қолданылды. Сондай-ақ, қызметкерлердің жоғары біліктілігі мен біздің Орталықтың ота блогының замануи жабдықталуы отаның сәтті аяқталуында маңызды рөл атқарды. Нейрохирургиялық навигациялық жүйенің бақылауымен біз ісікке аса дәлдікпен шығып, оны толығымен алып тастай алдық. Қазіргі уақытта нәрестеге отадан кейінгі ем жүргізілуде, ол анасымен бірге палатада. Айта кетейік, ота МӘМС аясында квота негізінде жасалды, - деп бөлісті нейрохирург дәрігер Ғабит Ілиясұлы Өлеңбай.

Анестезиолог дәрігерлердің де жоғары кәсіби деңгейін атап өткен жөн. Мұндай кішкентай жаста ота әрдайым анестезия берудің үлкен қиындықтарымен қатар жүреді. Қан айналуын, тыныс алуды мұқият бақылау, анестезияны өте мұқият есептеу, баланың өмірі үшін үлкен жауапкершілік – осының бәрі Нейрохирургия орталығының көпсалалы командасының мойнына түсті.

Отаны жоғары санатты білікті нейрохирург-дәрігер, Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, «ҰҒО» АҚ профессоры  Ғабит Ілиясұлы Өлеңбай мен нейрохирург-дәрігер Сапарбек Базарбайұлы Сейтбеков жасады. Сондай-ақ ота барысында анестезиолог-реаниматолог дәрігер Айгүл Қайырқызы Жанделдинова, трансфузиолог дәрігер Ербол Нағашпайұлы Қуанышев және ота мейіргері Мәдина Рахматуллақызы қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы