Елордада дзюдо орталығы ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада «Нұр-Сұлтан» олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК жанынан дзюдо орталығының ресми ашылу салтанаты өтті.
Жапонның төл күресіне деген қызығушылық жоғары. Осыны ескерген олимпиадалық даярлау орталығының басшылығы оның ауқымын кеңейтіп, барлық қатысушыға жайлы жағдай жасаған.
Қазір негізгі залдың көлемі 410,4 шаршы метрді құрайды. Бұл бір мезетте 100 адамның емін-еркін дайындалуына мүмкіндік береді. Ал орталықтың жалпы аумағы 721,2 шаршы метрді алып жатыр. Бұл жерге киім ауыстыратын және басқа да бөлімдер кіреді.
Маған дзюдо үйірмесі ұнайды. Аптасына үш рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері) келеміз. Бұл залдың ашылғанына өте қуаныштымын. Залдың көлемі кең, әдемі. Бапкеріміз Сергей Александрович бізді үнемі мақтап жүреді. Қолдауын да аямайды, - дейді №38 мектеп лицейінің 5-сынып оқушысы Әлішер Төлегенов.
Салтанатты ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков пен Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қайрат Қожамжаров қатысты.
Федерация басшысы алдағы Олимпиада ойындарына құраманың дайындығы жайлы сөз қозғады.
Карантин қанша әсер еткенімен, соған қарамастан алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз. Оған сеніміз мол. Дзюдо бұл жай ғана спорт емес. Бұл үлкен философия. Осында жиналып отырған жас спортшылар мен болашақ чемпиондар үшін қуаныштымын. Жалпы Қазақстанда барлық спорт түрінің дамуына жағдай жасалуда. Соңғы жыл ішінде-ақ біз барлық облыс орталығында республикалық маңызы бар үш қалада халықаралық дзюдо комитетінің көмегімен 20 спорт секциясын аштық. Осы залда біздің болашақ чемпиондарымыз жаттығады. Олар ұлттық құрамамыздың болашағы. Оған дәлелдеріміз жеткілікті. Биыл өтетін жарыстарға тыңғылықты дайынбыз. Жүлделі оралуға үміттіміз, – дейді Қайрат Қожамжаров.
Олжас Адай
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
ШҚО-да карантин 14 ақпанға дейін созылды
Келесі жаңалық
Бокстан Азия чемпионатына баратын ерлер құрамы белгілі болды
Өзгелердің жаңалығы