Елордада «Достық жолы» концерті өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының «Шалқыма» халық би ансамблі, Беларусь Республикасының мемлекеттік академиялық би ансамблі және «Сарыарқа» фольклорлық ансамблінің қатысуымен «Достық жолы» атты концерті өтті.
Би арқылы адамның көңіл-күйін, әлемнің сұлулығын, адамның жан-дүниесін, ішкі күйзелісін, сырын, қуанышын, шаттығын жеткізуге болады. Беларусь Республикасының мемлекеттік академиялық би ансамблі осы өнерін паш етті.
Кеш барысында би саласында өз қолтаңбасын қалдырған биші, педагог, Қазақстанның еңбегі сіңген артисі – Ізім Оспанқызын 70 жас мерейтойымен құттықтап, екі ел өкілдерінен ыстық ықыласпен құттықтау хат және гүл шоқтары табысталды.
Сонымен қатар кештің бірінші бөлігінде «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, көркемдік жетекшісі Мәдениет саласының үздігі - Тоғжан Жахин және «Шалқыма» халық би ансамблі, көркемдік жетекшісі Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - Абрасул Есекеев, Халықаралық байқаулардың лауреаты Айсұлу Мұратқалиева, Республикалық байқаудың лауреаты - Әйгерім Кулшина, Ақбілек Нұрманова, Жәния Байділдаева және Райгүл Исмағұлова өнер көрсетті.
Концерттің екінші бөлімінде Беларусь мемлекеттік академиялық би ансамблі салтанатты «Қарагод» биімен ашты. Көркемдік жетекші - Беларусь Республикасының халық әртісі Валентин Дудкевич.