Елордада демалыс күндері қайда баруға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдағы демалыс күндері қала тұрғындары мен қонақтары хоккей матчын, театр қойылымдары мен концерттік бағдарламаларды, операны мен шаңғы  жарысын тамашалай алады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

1 ақпанда ҚХЛ чемпионаты аясында "Барыс" хоккей клубы ресейлік "Авангард" хоккей клубымен кездеседі. Матч 17:00-де әдеттегідей "Барыс Арена" спорт кешенінде өтетін болады. Айта кетсек, қаңтар айы елордалық клуб үшін жеңіл болмады. Тәтті жеңістермен қатар, ащы жеңілістер де көп болды. Ақпан айында отандастарымыз нағыз шеберлікті көрсетеді деп сенеміз. 

Қаллеки театры 1 ақпан сағат 19.00-де көрермен назарына "Абай" трагедиясын ұсынады. Ұлы ойшыл, ақын, ағартушы туралы көп жазылған. Оның шығармашылық мұрасы бүкіл адамзаттың игілігі болды және әлемдік мәдениет қазынасында лайықты орын алады. 

Ал 2 ақпан күні сағат 19: 00-де осы театрда "Жұт" драмасының көрсетілімі өтеді. Көрермендер қазақ халқы үшін ауыр болған өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық уақытын елестете алады. 

Сондай-ақ сенбі-жексенбі күндері  сағат 18:30-да "Nomad" театры көрермендерді "Қыз Жібек" спектаклінің тұсаукесеріне шақырады. Шығарма махаббатқа, достыққа, батылдыққа және отансүйгіштікке адалдықты жырлайды. Бүгінгі таңда эпостың он алты нұсқасы бар екендігін айтып кеткен жөн. 

"Астана Опера" театрының әртістері жас көрермендерге "Пера Гюнт саяхаты" концертін дайындады. Театр 2 ақпан күні сағат 12: 00-де балаларды тамаша композитордың сиқырлы музыкасын тамашалауға шақырады. Сондай-ақ елорданың кішкентай көрермендері 1-2 ақпан күні сағат 12:00, 14:00 және 16:00-де Қуыршақ театрында "Жаңғырық қалай пайда болды" атты жапон халық ертегісін көре алады.  

Одан бөлек жексенбі күні сағат 17.00-де "Астана Опера" театрының ұжымы көрермендерді Джузеппе Вердидің "Аида" операсына шақырады. "Жастар" театрында 2 ақпан күні сағат 19: 00-де "Укрощение строптивой" комедиясы қойылады. 

Бір күн бұрын, сол театрда "Алғашқы махаббат" комедиясы көрсетіледі. 1-2 ақпанда М. Горький атындағы орыс драма театрында "Человек-подушка" атты қойылым көрермендерге жол тартады. Оның басталуы сағат 18:00-де. Одан бөлек, "Қысқы кездесулер" қайырымдылық концерті 1 ақпан күні сағат 16:00-де Достық үйінде өтеді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы