Елордада "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары марапатталды
Бүгін Астанада "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл бұл беделді сыйлық мәдениет, ғылым, медиа және спорт салаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізген 20 жас талантқа табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Лауреаттардың қатарында халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің жүлдегерлері, түрлі деңгейдегі спорт сайыстарының жеңімпаздары, сондай-ақ қоғамның дамуына үлес қосып жүрген белсенді жастар бар.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөзінде жастар саясатын дамытуға бағытталған бастамалар жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, Президент бастамасының арқасында жоғары білімнің қолжетімділігі кеңейіп, жас ғалымдарды қолдауға арналған гранттар көбейген. Сонымен қатар, еңбек нарығында жас мамандардың мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған жаңа жобалар іске асырылуда.
Министр креативті индустрия, цифрлық экономика және кәсіпкерлік бағыттарында да жастарды қолдайтын бастамалар белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы жастарға әрдайым қолдау білдіріп, үлкен сенім артып келеді. Президенттің Жолдаулары мен реформалары – жастардың болашағына бағытталған ауқымды өзгерістердің айқын көрінісі. «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» бастамалары мен волонтерлік қозғалыстарға жастардың белсенді араласуы қуантады. Бұл жаңа идеологияны алға жетелейтін де – өздеріңіз, – деді Аида Балаева.
Сыйлық иегерлері «Ғылым», «Эстрада», «Классикалық музыка», «Халық шығармашылығы», «Спорт», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Қоғамдық қызмет», «Театр және кино», «Әдебиет» сынды номинациялар бойынша анықталды.
2025 жылғы лауреаттардың арасында танымал әнші Еңлік Құрарбек (Yenlik), «Славян базары-2024» халықаралық байқауының бас жүлдегері Ерназар Жұбан, сондай-ақ «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев бар.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын талантты жастарды мемлекеттік деңгейде қолдау мақсатында беріледі. Сыйлық ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметтегі жетістіктер және спорттағы жоғары нәтижелері үшін табысталады.
30 жылдан астам уақыт ішінде бұл марапатты 360-тан аса жас қазақстандық иеленді. Бұған дейін марапатталғандардың қатарында Нұрлан Өнербай, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Илья Ильин, Ольга Шишигина, Денис Тен, Қыдырәлі Болманов, «МузАРТ», «Бәйтерек» топтары, Серік Ибрагимов, Әли Оқапов, Қайрат Нұртас, Димаш Құдайберген және өзге де танымал тұлғалар бар.