Елордада дәрігерлер құлақтың сирек кездесетін дертіне ерекше ота жасады
Елордада дәрігерлер құлақтың сирек кездесетін дертіне ерекше ота жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Астана филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанадағы №1 көпсалалы қалалық ауруханасында сирек кездесетін Мерьера сырқатын емдеу бойынша 2019 жылдан бері 30-дан аса ерекше оталар жасалған. Ал жақын арада МӘМС жүйесінде тағы бір ота сәтті өтті.
Меньер сырқаты – құлақ ішінің өте сирек кездесетін, анықталуы қиын сырқаты. Адам аяқ астынан, бірден басы айналып, жүрегі айниды, құсады және бірнеше сағат құлақ естімей қалады. Меньер сырқатының белгілері осылай анда-санда мазалап, бірте-бірте тұрақты қайталанып, адам өмірін жан шыдамас жағдайға жеткізеді.
Сырқат құлақ іші қуыстарының гидропсымен – эндолимфа сұйықтықтарының көбеюімен, соның салдарынан ішкі қысымның артуымен сипатталады. Сырқат этиологиясы толық анықталмаған, Меньер сырқатының пайда болу себептерін медицина қауымдастығы бірнеше теорияда қарастырады.
Қазақстанда бұл сырқатты тек амбулаториялық жолмен емдеп келген болатын. Алғашқы ота №1 қалалық ауруханасында 2019 жылдың тамыз айында жасалды. Меньер сырқаты диагнозы бойынша алғаш ота жасалған пациент көп жыл ауырған, амбулаториялық жағдайда неврологиялық, оториноларингологиялық ем алғанмен, көмектеспеген, сырқат созылмалы сипатқа ұласқан.
Отадан кейін үш сағат өткенде біз пациент жанына барып жағдайын сұрадық, оның ең алдымен сезгені – басының айналғаны басылған. Келесі күні өздігінен басын көтеріп, тұрды, ал екі тәуліктен кейін палатада жүре бастады. Қазір науқас өзінің белсенді өміріне қайтып оралды. Бұл өте керемет нәтиже, себебі үнемі басы айналатындықтан науқас отаға дейін өздігінен жүре де алмайтын, - дейді Астана медицина университетінің ЛОР кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Әділ Мұстафин.
2024 жылдың 12 ақпанында Меньер сырқатымен ауыратын тағы бір науқасқа ота жасалды. Пациент Меруертте дәрігерлер сырқатты бірнеше жыл бұрын анықтаған. Консервативті ем алғанмен, ұзақ нәтиже бермеген.
Біз емді консервативті әдістен бастаймыз, қаупі жоғары күрделі болғандықтан, бірден ота жасамаймыз, - деп бөлісті дәрігер.
Ота №1 көпсалалы қалалық ауруханасының ЛОР орталығының дәрігер-ординаторы Дина Әбілтаевамен бірге МӘМС аясында жасалды – құлақ ішіндегі қысымды азайту мақсатында, дренаж қою арқылы эндолимфатия қапшықшасын ашып, дренаждады. Отадан кейін келесі күні-ақ науқастың жағдайы жақсара бастады.
Жеті жылдай бұрын құлағымда шу пайда болды, жүріп келе жатып басым айналып құлап қалатынмын, жүрегім айнып, құсатынмын. Осы сырқат салдарынан құлағымның естуі нашарлады, саңыраулықтың екінші сатысына дейін жетті. Мені емханадан "Госпитализация бюросы" порталы бойынша ауруханаға жіберді. Отадан кейін өзімді жақсы сезінемін, анық ести бастадым, - дейді Меруерт пациент.