Елордада дәрігер Иван Лиге мемориалдық тақта орнатылды
Астанада №2 қалалық көпсалалы аурухананың бұрынғы басшысы Иван Лиді еске алу іс-шарасы өтті. Оның құрметіне медициналық мекеме ғимаратының қасбетіне мемориалдық тақта орнатылды, , деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Иван Иванович өмірден өткенде біз үлкен ағамыздан, құрметті адамнан айырылдық, - деді Астана әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев.
Иван Ли елордалық аурухананы 2016 жылдың сәуірінен бастап басқарды. Пандемия уақытында №2 қалалық көпсалалы аурухана алғашқылардың бірі болып КВИ-мен күресудің үлкен жүктемесін қабылдады. Аурухананың бас дәрігері Иван Лидің басшылығымен COVID-19 бойынша алғашқы мобильді талдау пункттері ашылды. Ол пациенттерді өзі қабылдап, тексеруден өткізді. Коронавируспен күрестің бел ортасында 2020 жылдың 25 шілдесі күні 60 жасында Иван Иванович Ли қайтыс болды.
Біз ұзақ уақыт бірге қызметтес болдық, оның көптеген тың идеялары бар еді. Бәрін соңына дейін жеткіземіз деп үміттенемін. Бір кездері ол аурухананың деңгейін жоғары күйге келтірген. Меніңше, ол өзінің бастамалары жалғасып, тиісті деңгейде дамып жатқанына қуанар еді. Құрметті әріптес, өз ісінің кәсіби маманы, алтын адам Иван Иванович әрқашан адамзатқа, өз кәсібіне деген адалдықтың үлгісі болған және болып қала береді, - деп атап өтті Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
Иван Ли 2018 жылы Астананың медициналық ұйымдары арасында денсаулық сақтау саласының ең тиімді менеджері ретінде «Алтын Шипагер» медициналық сыйлығын алды. «Құрмет» орденімен (2013 жыл), «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған. 2020 жылдың маусым айында Президент Жарлығымен азаматтардың денсаулығын сақтау бойынша қажырлы еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.