Елордада дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізу жалғасуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Астана – адалдық алаңы" жобасы аясында қалалық мәслихат депутаттары Мирас Шекенов пен Ақылбек Күрішбаев және Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері қалалық бірнеше дәріханаларда дәрі-дәрмек бағасына кезекті мониторинг жүргізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сайт таратқан мәліметтерге қарағанда, бүгінде қаланың 80-нен астам дәріханасына мониторинг жүргізілді. Олардың кейбірі дәрілік препараттарға сәйкес сертификаттарын ұсынбады.
Қабанбай батыр даңғылы, 40 мекенжайы бойынша орналасқан "Өркен" дәріханасынан Қазақстан аумағында тіркелмеген 500 мг №3 "Азитромицин ОЗОН" препаратын сату дерегі анықталды. Бұл заңбұзушылық тиісті шаралар қабылдау үшін тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді, – деді депутат Мирас Шекенов.
Депутат Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, дәріханалардағы баға Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген бағадан аспайды. Алайда оның пікірінше, айналымға енгізілетін барлық дәрілік заттардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету қажет.
Мұны Ұлттық дәрілік заттарды сараптау орталығы тексереді. Орталық оларға өнімге сәйкес сертификат береді. Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде түсіндіргеніміздей, дәріханаларда жүкпен бірге дәрілік заттың сапасын куәландыратын құжаттың көшірмесі қоса берілуі тиіс. Өкінішке қарай, біз тексерген дәріханаларда бұл құжаттар болған жоқ. Барлығы фирмада, дистрибьютерлерде деген сылтау айтады. Мен бұлай екеніне сенгім келеді. Дәрі-дәрмектерді қолдан жасау және контрафактілік – бүкіл әлемдегі өзекті мәселе. Дәрілердің сапасы – елдің ұлттық қауіпсіздігі, азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығының мәселесі. Сондықтан мұндай құқық бұзушыларға қатаң заңдар қабылдап, дамыған елдердегідей дәрілік заттардың айналымы бойынша бақылау енгізу қажет, – деді Ақылбек Күрішбаев.

Осыған дейін хабарланғандай, Нұр-Сұлтанда дәрі-дәрмектің бағасын негізсіз көтеру деректерін анықтау бойынша мониторинг күшейтілді. Дәрілік заттардың бағасы көтерілген жағдайда азаматтар IKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығына, сондай-ақ +7 775 160 55 32 WhatsApp нөміріне жүгіне алады.

Үкімет пен Нұр-Сұлтан әкімдігі логистика, дәрі-дәрмектерді сатып алу және жеткізу рәсімдерін жеңілдету мәселелері бойынша қолдау көрсетуде. 

Сонымен қатар, қалалық прокуратура, полиция департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі, Мемлекеттік кірістер, Экономикалық тергеу, фармацевтикалық бақылау қызметкерлерінен тұратын мобильді топ күн сайын дәрілік заттарды алыпсатарлармен күрес жұмыстарын жүргізуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы