Елордада Чосон кезеңіндегі король асханасының тағамдары ұсынылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Корей мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Корей асханасының кеші» өтті.
Корей Республикасының Корей тағамдарын ілгерілету институтының бағдарламасы аясында Корея елінен арнайы шақырылған бас аспаз Хан Хён Док мырза 18 қазаннан бастап елордадағы қонақ үйдің бірінде аспаздарға корей тағамдарын әзірлеу бойынша екі апталық шеберлік сыныбын өткізді. Шеберлік сабағы аяқталған соң «корей асханасының кеші» ұйымдастырылды.
Корей асханасының кешінде Чосон әулеті кезінде патшалар үшін дайындалған корольдік тағамдар ұсынылды.
Кеште Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ку Хонг-сок мырза арнайы келген бас аспаз Хан Хён Докқа ерекше алғысын білдірді.
Баршаңызды корей асханасының кешіне шын жүректен құттықтаймын. Мен Кореядан Кореяның нағыз корольдік мәзірімен бөлісу үшін келген бас аспаз Хан Хён Докқа ерекше ризашылығымды білдіремін. Бүкіл әлемде корей мәдениетіне қызығушылық үнемі артып келеді. BTS, K-Dramas сияқты «Кальмар ойыны», «Паразиттер» сияқты корей сериалдары мен фильмдері, онлайн ойындар, веб-мультфильмдер және K-POP әртістерінің арқасында Корей мәдениетімен таныса алғандарыңызға сенімдімін. Сондай-ақ бүгінгі кешкі ас сіздерге Корей дәстүрлі мәдениетімен терең танысуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Корольдік тағамдар - бас аспаз Ханның фирмалық тағамы, - деп атап өтті дипломат.
Оның айтуынша, корей тағамдары - әр түрлі ингредиенттерімен танымал. Корейлер оны «яннум» деп атайтын бірнеше кезеңдік маринадтар мен тұздықтар арқылы алады. Кимчи 2013 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгізілді.
Менің ойымша, кимчи корей рухын бейнелейді. Қырыққабаттың дәмі өте қарапайым, бірақ оны дәмдеп, ашыту арқылы біз ерекше тағам жасай алдық. Өте терең тарихы бар бұл тағам қарапайым корейлердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі болып қала береді. Шынында да, бірқатар әлемдік БАҚ оның денсаулыққа пайдасы туралы жазған болатын. Атап айтқанда, ол арқылы адамдар иммундық жүйесін нығайтып, коронавирусты жеңе алады. Осылайша, біздің мәдени мұрамыз бүгінгі күннің қиындықтарына қарсы тұруға көмектеседі, - деп атап өтті Ку Хонг-сок.
Елші 2022 жылы Корея мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын еске салды.
Сонымен қатар Кореядан келген бас аспаз Хан Хён Док дипломатиялық байланыстың 30 жылдығына орай Қазақстанда корей асханасы туралы білімімен бөлісу мәртебе екенін атап өтті.
Алдымен осы іс-шараның өтуіне атсалысқан Корей мәдени орталығына алғыс айтқым келеді. Бүгінгі кештің мәзірі Чосон кезеңіндегі корольдік мәзір бойынша дайындалды. Ең бірінші тағам «куджольпхан» деп аталады. Мұнда 8 түрлі ингредиентті бидай ұнынан жасалған құймаққа орап жеуге болады. Тағы бір тағамның түрі – «БоМанду». Бұл - корей корольдік тұшпарасы, - деді бас аспаз.
Кеште ұсынылған тағамдар қатарында «чапсальпул» жабысқақ күріш пастасы мен бұршақ соусы бар қуырылған балдырлар бар.
Барлығы алты тағам ұсынылды: бидай құймақтарына оралған көкөністер мен еттен тұратын «куджольпхан», «тткоккальби» - маринадталған және қуырылған сүйектерге туралған қабырғалардан жасалған тағам, «пибимпаб» - көкөністер, жұмыртқа және сиыр еті сияқты түрлі ингредиенттермен араласқан күріш тағамы, сонымен қатар «кочуджан» пастасы қосылған. Сондай-ақ соңғысы «голдонпаб» және «щинсолло» тағамдары, оны өзіңіз қайнатып, бірден жеуге болатын тағам.
Корей мәдени орталығының директоры Ли Херан ханым іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
Қазіргі уақытта COVID-19 пандемиясы әлі де өз кесірін тигізіп жатыр. Соған қарамастан, Корей мәдени орталығы «корей асханасы кеші» іс-шарасының көмегімен жылулық пен махаббатқа толы корей асханасының ерекше тағамдары арқылы жағымды энергия мен эмоциялармен бөлісе алды деп үміттенеміз. Корея мен Қазақстан арасындағы өзара мәдени алмасу жылы қарсаңында бұл іс-шара ынтымақтастық пен мәдени алмасуды белсенді дамытудың бастауы болады деп сенемін. Бүгін ұсынылған корольдік мәзір тағамдарын корейліктердің өзі жиі тұтына бермейді. Себебі бұл мәзір Кореяның бірнеше асханасында ғана әзірленеді. Бүгінгі іс-шарада қолданылған азық-түліктер елорда дүкендерінен сатып алынды, - деп айтты орталық директоры.
Кеш барысында Дәулет Тәпенов қазақтың ұлттық аспабы - домбырада ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген Ариран корей дәстүрлі әнін орындады. Ол сондай-ақ «Адай» күйін тарту етті.