Елордада бюджет қаржысының 1,2 млрд теңгесі үнемделді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау фактілерінің алдын-алу шараларын нәтижесінде елордада бюджет қаржысының 1, 2 млрд теңгесі үнемделді.
Бұл туралы бүгін «ANTIKOR ORTALYGY» қызметтік орталығының алаңында өткен онлайн брифингінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева өткен жылдың қорытындыларымен таныстыру кезінде айтты.
Оның айтуынша, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерге жүргізілген сыртқы талдау барысында мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау, атап айтқанда канцеляриялық тауарлар мен техникалық қызмет көрсету бағасын, ғимараттарды қамтамасыз ету шығындарын нарық бағасынан асырып көрсету жағдайлары орын алған. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде бюджет қаржысының 1, 2 млрд теңгесін үнемделген.
Ол сондай-ақ бюджет қаржысын тиімсіз пайдалануға жол берген бірқатар мекемені мысалға келтірді.
Активтер және мемлекетік сатып алу басқармасында белгіленген тұрғын үй болып саналмайтын ғимараттардың жекелеген элементтерін жанартуға 125 млн теңге жұмсалмақ болған. Ал қалалық орта сапасы және бақылау басқармасынан қаңғыбас жануарларды аулау бойынша қызметке 70 млн теңге жоспарлаған. Департамент қызметкерлері қаражаттың тиімсіз жұмсалуына қатысты ескерту жасады, - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықтын алдын алу жұмысы екі блокты қамтиды. Оның бірі – мониторинг, әкімшілік тәжірибе арқылы жүзеге асырылатын сыртқы талдау болса, екіншісі пара алмау мәдениетін қалыптастыру. Былтыр департамент қызметкерлері бірінші бағыт бойынша мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша 14 сыртқы талдау жұмысын жүргізіп, 180 ұсыным жасады. Жыл соңына дейін олар жүз пайызға орындалды.