Елордада биыл құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй салынып бітеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған үйлер тізімінен 30 тұрғын үйді алып тастауға болады. Қалған құрылыстарды 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен аяқтау жоспарланған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Өткен жылдың жазымен салыстырғанда құрылысы ұзаққа созылған үйлердің саны екі есе астам азаяды! Биыл құрылысын аяқтап, тағы жиырма тұрғын үйдің құжаттарын ресімдеуге кірісуді жоспарлап отырмыз. Бір жарым жыл ішінде (2019 жылдың жазынан бастап) құрылысы ұзаққа созылған үйлердің тізімінен 30 тұрғын үйді алып тастауға болады. 20-дан астам проблемалық тұрғын үй қалады. Олардың қатарында тек қазаншұңқырлары тұрған үйлер, мүлдем іргетасы қаланбағандары бар. «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешені 2004 жылдан бері апатты болып саналды. Үйді техникалық тексеру жұмыстары құрылыс кезінде барлық нормалардың бұзылғанын, егер үй пайдалануға берілген жағдайда, оның құлайтынын көрсетті. Қалған құрылыстарды 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Екі күн бойы бірқатар үлескерлермен және ТҚК төрағаларымен кездестім. Олардың қатарына Гарант, Айсанам Де Люкс, Баспана Көктал, Арыстан, Зере-1, Ақерке-2 (1 кезек), Жастар-4, Жасыл НС, Фемида, Алтын Шар, Шығыс (1а, 1в), Жағалау 3 (28,29,30 блоктар),Орбита, Территория комфорта-2 және т. б. жатады. Осы нысандардың құрылысы егжей-тегжейлі талқыланып, қандай қосымша шаралар қабылдау қажет екені шешілді. Құрылыс қарқынын арттыру, құжаттама бойынша көмек көрсету және т.б. мәселелер талқыланды. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысын қайта бастау оңай емес. Құрылыс салушылар үлескерлер алдындағы, сондай-ақ сатып алушылар алдындағы барлық жауапкершілікті түсінуге тиіс. Әріптестерім мен құрылысшыларға жұмыс қарқынын күшейтуді, қажетті құрылыс материалдарын сатып алуды, инженерлік желілер жүргізуді және т. б. тапсырдым, - деп жазды Алтай Көлгінов.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы