Елордада биыл 250 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл елордада «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында 250 қоғамдық кеңістікті, аулалар мен гүлзарларды абаттандыру жоспарланып отыр. 

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев мәлімдеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

2022 жылы қараусыз қалған алаңдарды, аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасады. Мәмбетов көшесіндегі жағалау жанында скейт-парк, ал «Жеті жол» тұрғын үй кешенінің жанында гүлзар ашылады. Сондай-ақ, жаңа гүлзарлар «Агроқалашық», «Көктал-1», «Теміржолшылар», «Интернациональный», «Үркер» елді мекендерінде салынады.

Жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін қаланың әр тұсын көгалдандыру арқылы серуендеу орындарын ашу жоспарланып отыр. Бұл ретте Республика даңғылының немесе «Театральный» желекжолының үлгісі бойынша жаяу жүргіншілерге арнап өткелдер құрылатын болады.

Сонымен қатар, «Қазақ елі» алаңын көгалдандыру, Орталық саябақ пен Амман көшесіндегі жағалауды абаттандыру, Ұлытау саябағын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың түп негізі дизайн-код пен кедергісіз орта бойынша «Адамдарға арналған қала», «Жайлы қала» тұжырымдамаларында жатыр. Ол үшін қоғамдық кеңістіктер көбірек құрылады, веложолдардың ұзындығы артады. Бұл процесс кезең-кезеңмен жүреді. Өткен жылы 190-ға жуық қоғамдық кеңістік пен аула абаттандырылды. Биыл айтарлықтай көбірек қамту жоспарланып отыр. Бұл ретте абаттандыру бойынша талқылауға тұрғындардың да белсенді қатысуы маңызды, - деп атап өтті елорданың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты кеңінен насихаттауды тапсырды. Осыған байланысты дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарын салу немесе «Қазақстан» спорт кешенін реконструкциялаудан бөлек, әрбір ауданда спорт алаңдарын салу жұмысы жалғасады.

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында елорда әкімінің тапсырмасы бойынша 500-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды.

Қала тұрғындарын өткен жылдардың тәжірибесі бойынша абаттандыру жобаларына тарту жоспарланып отыр. Қалалық урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен атап өткендей, апта сайын аудандық әкімдіктермен бірлесіп қоғамдық тыңдаулар өткізіледі, елорда белсенділері мен қоғамдастық өкілдерінен жайлы жағдай жасау бойынша тілектер мен ұсыныстар жиналады.

«Орбита» шағын ауданын, Кендал 2 және 3, Қажымұқан 4 және 8/1, Тәуелсіздік 6/1 және 6/2, Бөгенбай батыр даңғылы 35, Бараев көшесін, Абылай хан көшесіндегі саябақты, «Ұлытау» аллеясын және Ақбұлақ жағалауын абаттандыру мәселесін талқылау бойынша тұрғындармен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ белсенділермен және кәсіби спортшылармен экстремалды спорт түрлеріне арналған кеңістіктер құру бойынша кездесулер ұйымдастырылды: скейтинг, bmx райдерлер, роллерлер, паркурлар және т.б.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы