Елордада «Бірлігі жарасқан Қазақстан» фестивалі өтті
Кеше Қарулы күштердің әскери-тарихи мұражайында қалалық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары арасында «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты Қазақстан халқы достығының фестивалі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елорда әкімдігінің жазуынша, биыл 25 рет өткізілген фестивалге 18 этномәдени бірлестіктің шығармашылық ұжымдары қатысты.
Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Қазақстан халқы достығының фестивалі елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін бірлік пен келісімнің көрінісіне айналған.
Бұл фестивальді бәріміз асыға күтеміз. Себебі қаламыздағы барлық бірлестік өкілдері жиналып, қуаныштарымен бөлісіп, бір-бірінің өнерін тамашалайды. Біздің достығымыз көзбояушылық емес, шынайы доспыз, әрбір ұлт өкілі бір біріне қолдау көрсетіп, тіпті сахналық костюмдерін тездетіп киюге, көрерменнің алдына әдемі болып шығуына көмектесіп жатады. Осындай кішкентай әрекеттерден-ақ еліміздегі этнос өкілдерінің достығын байқауға болады деп ойлаймын, - деді «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің «Дуслык» халық ансамблінің жетекшісі Ә.Ергарина.
Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен фестивальде бұл жолы қазақ халық әндері мен сазгерлерінің әндері де шырқалды. ҚХА Этносаралық қарым-қатынас мәселелері бөлімі хатшылығының жетекшісі Самат Қабдулиннің айтуынша этномәдени бірлестік өкілдері қазақ тіліндегі шығармаларды орындау жөнінде ұсыныс білдіріпті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты сессиясында қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көп тілді ел, болашақта да солай бола береді деген болатын. Соған орай фестивальге қатысушылар қазақ тіліндегі шығармаларды орындауға шешім қабылдады. «Адай», «Ерке сылқым» күйлері шертіліп, «Жаса Қазақстан», «Сарыарқа» сияқты әндер орындалды, - деді ол.
Іс-шара соңында этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары естелік сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.