Елорданың бір шағынауданындағы 9 үй карантинге жабылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сарқыт Бейсенованың қаулысымен Абылай хан-Рысқұлбеков-Мүсірепов-Мұстафин көшелерінің квадратында шектеу шаралары енгізілді, деп хабарлады қала әкімдігі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, аталған аумақта қоршау белгілері орнатылып, полиция қызметкерлері кезекшілік жасауда.
Бұл учаскедегі 9 үй карантинге алынды, олар:
Мүсірепов көшесі 4, 7, 7/1, Рысқұлбеков көшесі 4/1, 4/3, 16/1, 8А, Мұстафин көшесі 21, 21/5.
Осы үйлердің тұрғындарына таяу жердегі дүкенге баруды, тапсырыспен дәрі-дәрмек алдыруды қоспағанда үйден шығуға тыйым салынады.
Әскерилердің күшімен аталған учаскеде ауқымды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
16 сәуірдегі мәліметтерге сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында 22 нысанда карантин енгізілген.
Олар: 4 денсаулық сақтау нысаны, 2 жатақхана, "Шарапат" орталығы және бірнеше тұрғын үй бар.
Карантин №1 автопарктен, 2 жатақханадан, тұрғын үйлердің 10 подъезінен және 3 медицина ұйымынан алынды.
Соңғы мәлімет бойынша, қалада індетке шалдыққандардың жалпы саны 305-ке жетті.
Қазақстанда барлығы 1341 науқас тіркелді.