Елордада «Бір мүмкіндік» байқауының гала концерті өтті
Республика күні мерекесі қарсаңында «Бір мүмкіндік» байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жобаның мақсаты халық ішінде өнерімен белгілі болып жүрсе де, кезінде кәсіби сахна төріне шыға алмаған 35 жастан асқан азаматтарға бір мүмкіндік беріп, мерейін өсіру.
Байқау Астана қаласы әкімдігі мен «Мирас А» қоғамдық қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өтті.
Бұл байқау ең бірінші рет 2016-ші жылы тележоба ретінде жазылды. Содан кейін денсаулығыма байланысты тоқтап қалды. 2018 жылы бірінші конкурс астана әкімдігінің қолдауымен өтті. Бұл жобаның дүниеге келуінің бірнеше себебі бар. Ел арасында отырыс-тойларда халықты тәнті етіп жүрген ата-апаларымды көріп неге осы кісілерді де іріктеп өнерін көрсетпеске деген ой келді. Тағы бір себебі ұмыт бола бастаған ән-күйлерді дәріптеу болса, тағы бір мақсат ерекше қажеттілігі бар жандардың толыққанды дені сау азаматтармен бір сахнада тең дәрежеде тұрып өнерлерін көрсетуге мүмкіндік беру болды. Осы байқау арқасынада халық арасындағы талантты апа-аталарымызды сахнаға алып шықтық, - дейді «Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Жүзбай Серікұлы.
Әділ қазылар мүшесі Тасқын Жармұхамет байқаудың зағип жандар үшін маңыздылығы ерекше екенін атап өтті.
Концерт атқарылып жатқан үлкен жұмыстың тек бір ұшқыны ғана десек болады. Мысалы Жастар театрында зағип жандарға арналған театр ашылып жатыр. Сол театрда зағип жандар өздері актер ретінде ойнайды. «Мәңгілік бала бейне» спектаклін өздері дайындап жатыр. Сол кейіпкердің нағыз ішкі эмоциясын осы кісілер нағыз бейнелей алатын шығар деп ойлаймын. Дайындықтары қызу жүріп жатыр. Одан бөлек осы байқаудың ұйымдастырушысы Жүзбай ағаның көптеген жоспарлары бар. Көзі көрмейтін адамдарға арналған стол теннисіне ұқсайтын спорт түрінен сайыс өткізу де жоспарда бар. Осылайша көптеген жанға тең мүмкіндіктер беріліп отыр, - деді әділ қазылар мүшесі Тасқын Жармұхамет.
Биылғы сайысқа 100-ге жуық өтініш келіп түсіпті.
Бұл жоба әлеуметтік бағытталған жоба. Жыл бойы өтініштер түсіп, іріктеу өтіп, сейіледі. Биыл жобаға 100-ге жуық адам қатысып, іріктеуден 15 адам өтті. Шабыт университетінің профессорлары қатысушылардың музыкалық қабілетін бағалады. Ел ішінде ғой таланттың бәрі. Ішінде сексенді алқымдаған үлкен апай, ағайларымыз да бар. Өнер деп республикамыздың әр түкпірінен келді. Тамсана тыңдайтын таланттар өте көп. Келесі жылдың қаңтар ақпанынан бастап қайта таланттарды іздеу басталады. Жыл аяғында осындай гала концерт беріледі. Барынша шынайы таланттарды іріктеп, «бір мүмкіндік» бердік деген үміттеміз, –деді қазылар алқасының мүшесі, жазушы, ақын Оңаш Мәжитова.
Осы байқаудың тұрақты көрермені болып жүрген Шара апа да өз әсерімен бөлісті.
Концертке екінші рет келуім. Концерт көңілімнен шықты, өте әсерлі өтті. Сахнада өнер көрсеткен күйші, жыршы, термеші, әншілеріміздың өнеріне тәнті болдық. Арасында зағип жандар да бар. Осындай жандардың өмірге, өнерге деген құлшынысына тәнті болдық. Сайыс жыл сайын өтетін дәстүрлі байқауға айналсын деген тілегіміз бар. Өйткені үлкен сахнаға шығып өнерін көрсету, бөлісу бұл жандар үшін өте маңызды деп ойлаймын, - деді концертке келген өнер жанашыры Шара Әзімбаева.
Байқау барысында «Ұлы тарихи аналар» көрмесі өтті. Конкурста Бопай, Айғаным, Сүйінбике, Томирис, Фатима, Ұлпан, Сүзге, Домалақ ана секілді қазақ қыздары мен аналарының киім үлгісі бейнеленген сән көрсетілімі болды.
Этникалық суретші, арт-терапевт, «Ақмола жұлдыздары» көрмесінің жүлдегері - Жанахметова Әсемгүл Ғабидоллақызының шығармалары және «Балалар жылы» аясында шәкірттерінің салған суреттері де көрермен назарына ұсынылды.