Елордада «BETPERDE» заманауи өнер кеші өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордамызда Tauel[di]siz шығармашылық бірлестігі «BETPERDE» заманауи кешін өткізді. 

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығының қарсаңында ұйымдастырылып отырған кеште тәуелсіздіктен бергі ақын-жазушылар Ықылас Ожайұлы, Мақпал Жұмабай, Алтынбек Мерсадық, Жандос Жүсіпбектің поэзиялары мен монологтары оқылды.


Біздің шарамыз ешкімнің қолдауынсыз өтіп жатыр. Бүгінгі іс-шара жастардың үнін таныта алатын бірден-бір құралымыз. Неге десеңіздер жас балалар көбіне цензураға ұшырап жатады. Ананы айтуға болмайды, мынаны болмайды деп, түсінбей жататындар көп. Жастар деген осындай болу қажет деп, жастарды белгілі бір шеңбердің төңірегіне тығады. Ал біз соны бұзып шыққан жас болып, осындай тамаша кешті ұйымдастырудамыз, - деді музыкалық продюссер Тұрсынбай Сардаров.

Заманауи өнер кеші жастар үнін жеткізуді мақсат етті. Музыкалық аспаптармен сүйемелдеумен поэзиялық номірлер ұсынылды.

Айтуынша, жоба ешкімнің қаржылық қолдауынсыз, алайда халықтың қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.


Бұл шара 2019 жылы ұйымдастырылған болатын. 2020 жылы карантинге байланысты  өтпеген еді. Осы жылы үлкен өзгеріспен жобамызды жаңартып, жаңғыртып ұйымдастырып отырмыз. Қазір қаланың түпкір-түкпірінде өтуде. Бізге бастысы халықтың қолдауы маңызды, - деді Тұрсынбай Сардаров.

Кештің негізгі мақсаты - халықтың ойындағы, қазақ тілі, экология, гендердік теңдік мәселелеріне іштей үңілу. Халық санасына біткен моральдық сұрақтарына жауап беріп, төл тіліміздегі өнер кеңістігінің кеңеюіне үлес қосу.

Сонымен қатар қойылым кешінде еуропалық және түркі тілдес халықтардың әндері қазақ тілінде жаңғыртылып, төл тілде орындалды.

Олжас АДАЙ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы