Елордада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Отандастар» тұрғын үй кешенінде жаңадан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Тұрғын үй кешенінің ауласында орталықтың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Үйдің ауласындағы спорт алаңында цигун тыныс алу гимнастикасы бойынша көрсетілім, музыкалық концерт өтті, сол сияқты зейнеткерлерге тоғызқұмалақ ойыны үйретілді.
«Бес Тармақ» жекпе-жек мектебінің жетекшісі Жанат Тұяқбаев зейнеткерлерге арнап сабақ өткізді.
Бүгін біз ниет білдірушілердің бәріне цигунды таныстырып, сауықтыру гимнастикасын көрсеттік. Бұл жаттығулар энергиямен, денені нығайтумен, жалпы медитациямен байланысты. Орташа алғанда алты жерде өткізілетін сабаққа 300-ге жуық қала тұрғыны қатысады. Жыл сайын олардың саны артып келеді, - дейді Жанат Тұяқбаев.
Оның шәкірттерінің бірі – зейнеткер Дәулетбике Сұлтанова.
Мен 73 жастамын, ағылшын тілі курсына барып жүрмін, жақында түрік тілінен сабақтар басталады. Бүгінге дейін үш жыл бойы цигундағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» барып жүрмін, жаныма жайлы, маған ұнайды. Бұл – энергия көзі, дұрыс тыныс алудың кепілі және денсаулықты нығайтудың керемет тәсілі, – дейді ол.
Қазір елорданың төрт ауданында орталықтың төрт филиалы жұмыс істейді.
Мақсатымыз – аға буынға рухани және физикалық денсаулығын сақтауға көмектесу. Оларға өзгелермен көбірек қарым-қатынас жетіспейді. Қарым-қатынас әлеуметтік белсенділікті сақтаудың негізгі шарттарының бірі болып саналады. Жұрт бізге әлеуметтену және сауықтыру мәселелеріне көмектесу үшін жүгінеді. Біз сондай-ақ оларға жастармен де байланыс орнатуға көмектесеміз, сондықтан байланыстырушы жіп үзілмейді. Бұл тәжірибе өзара рухани байытуға алып келеді, - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ директоры Мұхтар Еркетаев.
Орталықтың тұсаукесерінде «Сағыныш сазы» фольклорлық-аспаптық ансамблі, «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамблі, сонымен қатар белгілі орындаушылар – Талапбек Қыдырбай, Алмабек Бердіғалиев, Зулейха Ахметова, Алтынбек Бейсембаев, Қаржоз Шпанұлы, Сәрсенбай Шпанұлы сөз сөйледі.
«Сағыныш сазы» фольклорлық-аспаптық ансамблі 2009 жылдың желтоқсан айында ашылды. Қатарымызда 68 жастан асқан 20-дан аса адам бар, олардың бәрі белсенді өмір салтын ұстанады. Біз ән салып, күй шертеміз, арамызда жыраулар, заманауи эстрада әншілері бар, концерттерде өнер көрсетеміз. Осылай шығармашылығымызды жүзеге асыру мүмкіндігі жасалғаны үшін алғыс білдіреміз, - деді «Сағыныш сазы» фольклорлық-аспаптық ансамблінің жетекшісі Күлзағила Барлықова.
Ал зейнеткерлер ұлттық киімдердің көрсетілімін өткізді.
Бізде 2 мыңнан астам зейнеткер тегін қатысатын 15 үйірме, екі халық ансамблі бар. 9 маусымда модельдеріміз Таразда «Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығында лауреат атанды. Зейнеткерлерді орталығымызға көбірек тарту үшін қызмет көрсетеміз. Сол себепті осы тұсаукесер мен концертті ұйымдастырдық, - дейді «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ мәдени ұйымдастырушысы Лаззат Өтеғұлова.