Елордада батыр аналарға "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" табысталды

Республика күні қарсаңында Астана қаласы Есіл ауданында көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын табыстауға арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Наградаларды Есіл ауданының әкімі Дарменияр Қыдырбекұлы табыстады.

Баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеу, үлкен азамат қылу оңай емес. Қазақ еліне үлкен үлес қосып жатырсыздар. 30 жыл ішінде мемлекетіміздің, жалпы халқымыздың саны 2 есеге өсті. Өзіміз жеке, тәуелсіз мемлекет болып, өз саясатымыз бар, күнделікті өмірімізде ешкімге жалтақтамайтын күнге жету – үлкен жетістік деп санаймын. Республика күні қарсаңында бір топ көпбалалы ананы марапаттауды жөн көрдік, - деп атап өтті аудан басшысы Дарменияр Қыдырбекұлы.

"Алтын алқа" алқасы жеті бала тәрбиелеп отырған 4 бірдей анаға берілді. Ал отбасыларында алты баласы бар 4 бірдей ана "Күміс алқа" алқаға ие болды.

Бұл марапат мен үшін үлкен мәртебе. "Күміс алқа" — тек менің емес, бүкіл отбасымның, балаларымның еңбегінің бағалануы деп білемін. Көпбалалы ана болу – жауапкершілік, әрі бақыт. Еліміздің аналарға көрсетіп жатқан құрметіне ризамын. Осындай игі дәстүрлер ұрпаққа үлгі болып қала берсін, – деп ағынан жарылды көпбалалы ана Динара Туймакова.

Айта кетейік, 1 шілдедегі ресми дерекке сәйкес, елімізде көпбалалы аналарға арналған "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" марапаттарының иегерлері, сондай-ақ бұрын берілген "Батыр ана" және "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған әйелдер қатарынан 242 495 ана арнайы жәрдемақы алып отыр.

2010 жылдан бастап марапаттау талаптары жеңілдетілді: енді "Алтын алқа" жеті және одан да көп бала туған аналарға (бұрын – 10 және одан көп), ал "Күміс алқа" алты бала өсірген аналарға (бұрын – 8 бала) табысталады.

"Күміс алқа" марапаты алты бала туған және тәрбиелеген аналарға беріледі, ал "Алтын алқа" – жеті немесе одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген Қазақстан азаматтарына, жетінші баласы бір жасқа толған соң және өзге балалары тірі болған жағдайда тағайындалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы