Елордада бастауыш сынып педагогтерінің республикалық жазғы сессиясы қорытындыланды
Семинардың қорытынды күні Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен ашық диалог ұйымдастырылды.
Астанада «Бастауыш мектептің жазғы сессиясы: Сапалы өзгерістер және кәсіби даму» тақырыбындағы республикалық семинар өз жұмысын аяқтады.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы, «Заң мен Тәртіп» қағидаты және жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу бағыттары бойынша пікір алмасу өтті.
Семинардың қорытынды күні Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен ашық диалог ұйымдастырылды. Кездесу барысында педагогтер жаңа оқу жылына дайындық, бастауыш білім мазмұнын жетілдіру, мұғалімдерді әдістемелік қолдау, жасанды интеллектіні оқу процесінде пайдалану және өзге де өзекті мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Қорытынды сессияда қатысушылар екі күндік жұмыстың нәтижесін саралап, жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын негізгі басымдықтарды талқылады. Сондай-ақ жасанды интеллектіні тиімді пайдалану, оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және заманауи оқыту әдістерін енгізу бойынша тәжірибе алмасты. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық жазғы сессия еліміздің әр өңірінен келген бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби тәжірибе алмасуына, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және бастауыш білім беру сапасын арттыруға бағытталған ортақ тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік берді.