Елордада банкоматта қалып кеткен карточкадан ақша ұрланған
"Алматы" ауданы ПБ анықтау бөлімінің қызметкерлері өзгенің банк картасынан ақша ұрлады деген күдікпен 61 жастағы елорда тұрғынын ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында ер адамның күндізгі уақытта қаланың оң жақ жағалауындағы супермаркеттердің біріне келгені белгілі болды. Ол несиесін жабу үшін дүкендегі банкоматқа келгенде бөтен біреудің банктік карточкасы қалып қойғанын байқайды. Қаскүнем қылмыстық оймен оны қалтасына салып алып, кейін басқа бір азық-түлік дүкенінен тауып алған карточка арқылы сауда жасаған. Осылайша 17 450 теңге көлемінде шығын келтіріп, карточканы лақтырып жіберген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам қылмысын мойындады, оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Астана қаласының Полиция департаменті азаматтаға сақ болуды ескертеді. Банкоматтарды қолдану кезінде мұқият болыңыз, қажетті операцияларды орындап болған соң банктік карточкаңызды алуға ұмытпаңыз!, - делінген ведомство хабарламасында.