Елордада «Балалықтың бойтұмары» мерекелік шарасы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 1 маусым күні әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында балаларды қорғау күніне арналған «Балалықтын бойтұмары» мерекелік бағдарламасы өтті.
Балалар мерекесіне орай «Нұрсая» тұрғын үй кешенінде әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының «Білім-парк» өнер, білім орталығы ашылды.
«Жазғы демалыс академиясы» аясында «Stars of NS» жазғы лагері де жұмысын бастады. Лагерьде балалардың сүйікті үйірмелері мен спорт секцияларына, түрлі іс-шаралар мен жарыстарға қатысуға мүмкіндіктері бар.
Мерекелік шарада сарай алаңында балалар суреттері мен қолданбалы шығармашылық көрмесі ұйымдастырылып, асфальтта «Жаздың айшықты бояулары» сурет байқауы өтті.
Мерекелік концертте шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, «SAMGA» чемпиондар лигасының жас спортшыларының көрсетілімдері болды.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін пленер ұйымдастырылып, жас суретшілер үшін ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.
Мерекелік бағдарлама «Елорданың 100 жана есімі» жобасының жеңімпаздарын медальдармен марапаттау рәсімімен жалғасты.
Үлкен немереміз Әлинұр Оқушылар сарайындағы көптеген үйірмелерге қатысып, жақсы оқып, бүгін медаль алып жатыр. Өте қуаныштымыз. Балаларды әр-түрлі салаға баулып, оларды жан-жақты дамытудың маңызы зор, - дейді «Елорданың 100 жана есімі» жүлдегерінің әжесі Төлепбергенова Гүлнар.
Баланы өнер, спорт, би, музыкаға баулу оның танымы мен көзқарасын кеңейтеді.
Немерем дзюдо, ағылшын тілі, жүзу, футбол үйірмелеріне қатысып жан-жақты дамып келеді. Өзіне де ерекше ұнайды. Балаларды бүгінгі мерекелерімен құттықтаймын, Бала біздің болашағымыз, қуанышымыз ғой, оларға денсаулық, амандық, елімізге тыныштық тілеймін, - дейді немересін үйірмеге ертіп келіп жүрген атасы Төлепбергенов Хайдар.
Ал немересі болса чемпион болуды армандайтынын айтты.
Мен дзюдо үйірмесіне барамын. Бізге жаттықтырушылар көп нәрсе үйретті. Қалалық, аудандық сайыстарға қатысып жүрміз. Болашақта дзюдодан әлем чемпионы болғым келеді, дейді - кішкентай Әлинұр Хайдар.
«Елорданың 100 жана есімі» жобасының жеңімпаздарының бірі Әлқуат Асылбек. Ол тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысады. Көптеген қалалық, республикалық сайыстардың жүлдегері.
Тоғызқұмалақ ойнау арқылы есте сақтау, ойша алып-қосу, есептеу қабілетімді дамыттым. Бұл ойында да бастысы тактика, алдын-ала ойлау қажет. Қай ұяшыққа қанша құмалақ салу керектігін есептеп отыру керексің. Мұғалімдеріме алғысымды айтамын, Оқушылар сарайының ұстаздары маған көп пайдалы білім берді, мұғалімдеріме алғысымды айтамын, - дейді Әлқуат Асылбек.
Мерекеге орай, сондай-ақ жаңа «SANA» креативті білім беру орталығы ашылды, орталықта балалар бағдарламалау, робототехника, компьютерлік графика, кодтау негіздері бойынша заманауи технологияларды меңгеріп, роботтарды бағдарламалаумен айналысады.