Елордада балалар қауіпсіздігі айлығы жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық әкімдікте қала әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкеннің төрағалығымен білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жиын өтті. Шара барысында қатысушылар мектептердегі бейнебақылау жұмыстарын талқылады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Жиын барысында әкімнің орынбасары тиісті мемлекеттік органдарға бейнебақылау камераларының жұмыс жағдайын тексеру үшін қала мектептері бойынша бірлесіп тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Елорда мектептеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алдымен мектептердегі бейнебақылау камералары мәселесін шешіп алуымыз қажет. Ол үшін бізде ең алдымен статистика болуы керек. Қанша мектепте бейнебақылау камерасы бар, қайсысы жұмыс істейді, қайсысы жұмыс істемейді деген секілді. Осы орайда қалалық Білім басқармасы, мектеп директорлары, Полиция департаменті және «іKOMEK» орталығына тапсырма беремін. Қаланың барлық мектептерін аралап шығып, қауіпсіздік мәселесін, оның ішінде бейнебақылау камерларының жұмыс істеуі бойынша мониторинг жүргізіңіздер, - деді Бақтияр Мәкен.Кешенді іс-шаралардың өткізілуіне байланысты ол елордада балалар қауіпсіздігі айлығының өткізілетінін хабарлады. Одан бөлек, Б.Мәкен қауіпсіздікке жауап беретін күзет ұйымдарын тексеруді тапсырды.
Қазіргі күні қалада түрлі күзет ұйымдары көбейіп кетті. Саны бар да сапасы жоқ. Бұл да кезек күттірмейтін мәселе. Күзет компанияларының санын 3-4-ке дейін қысқарту керек. Сонда қауіпсіздікке қатысты сұрақтарды тек соларға қойып, солардан талап ететін боламыз. Себебі оқыс оқиға орын алса, үнемі кінәлі адамды іздеп жүреміз. Сіздерге 1 апта уақыт беремін, бәрін қарап шығып бізге жеткізіңіздер. Одан әрі біз қала әкімімен ойласа келіп мәселенің түбегейлі шешу жолдарын қарастыратын боламыз, - деді әкім орынбасары.Аталған жиынға Білім басқармасы, Полиция департаментінің басшылығы, мектеп директорлары мен қалалық әкімдік өкілдері қатысты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы