Елордада аймақтық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы басталады

Нұр-Сұлтанда өңірлерден тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ол әр сенбі мен жексенбіде 13 қарашаға дейін өтеді. Елордада алғашқы болып Түркістан облысының шаруалары өз өнімдерін ұсынады.

Маусымды ертең, 27 тамыз Түркістан облысы ашады. Өңірден келген 70-тен астам ауыл шаруашылығы өндірушілері 535 тонна өз өнімдерін ұсынады. 

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 113,5 тонна ет және ет өнімдерін, 165,5 тонна көкөніс, 23 тонна картоп, 72 тонна сүт өнімдерін, 69 тонна бақша өнімдерін, 34 тонна жеміс-жидек, 8 тонна бал, 31 тонна жеміс шырыны мен консервіленген өнімдерді, 11 тонна балық, 20 мың дана жұмыртқа және 2 тонна нан-тоқаш өнімдерін ұсынады. Оларды нарық бағасынан 15-20% төмен бағамен сататын болады. Жәрмеңке концерттік бағдарламамен жалғасады, - деді Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов әкімдікте өткен онлайн брифингте. 

Айта кетейік, биыл тұрғындардың өтініші бойынша ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу орны "Хан Шатыр" СОО жанындағы алаңнан "Барыс Арена" мұз сарайына қарама-қарсы аумаққа ауысты.

Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаровтың айтуынша, жәрмеңкелер "Астана-Арена" стадионының жанындағы алаңда, Тұран 48 мекен-жайында өтеді.

Жалпы, апта сайынғы ауылшаруашылық жәрмеңкелері өз жұмысын осы жылдың 11 маусымында бастады. Оған Ақмола және Қарағанды облыстарының, сондай-ақ СҚО-ның тауар өндірушілері қатысты. Тек 2 күннің ішінде жәрмеңкеде 100 тонна өнім сатылды. Сонымен қатар, елордада екі аудан аумағында демалыс күндері жәрмеңкелер өткізіледі. Есіл ауданында-Сауран көшесі, 7 мекенжайы бойынша. Өткізу күндері: сенбі-жексенбі, - деді Сапаров.

Алматы ауданында жәрмеңке мына мекен-жай бойынша өтеді: Жүргенов көшесі, 27. Өткізу күндері: сенбі-жексенбі. Жәрмеңкеге азық-түлік тауарларын көтерме жеткізушілер, Қарағанды және Ақмола облыстарының жақын аудандарындағы шаруа қожалықтары, сондай-ақ Шапағат базарының көтерме саудамен айналысушылары қатысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы