Елордада әйелдер кәсіпкерлігін дамыту келешегі талқыланды

Елордада Әйелдер кәсіпкерлігін және гендерлік теңдікті дамыту жөніндегі коалиция ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Әйелдер кәсіпкерлігі - елдің экономикалық ресурсы» атты конференциясын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шараның мақсаты –  мемлекеттік органдар және бизнес қоғамдастықпен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі басым мәселелер мен ұсынымдарды талқылау. 

«Цифрлық трансформация» ҚҚ басшысы, «Technowomen» президенті Азиза Шужеева цифрландыру, технологияларды қолдану саласында Қазақстан айтарлықтай серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. Қор электрондық коммерция мектебімен бірлесіп, жақында 1470 қолөнершіге арналған ecommerce тренингін өткізді. Онда қазақстандық және шетелдік маркетплейстерге шығу бойынша түсінік берілді. Бұл бизнесті дамыту үшін қолжетімді әрі болашағы зор бағыттардың бірі.

«Кәсіпкер әйелдерге дәстүрлі офлайн бизнеспен (қызмет көрсету саласы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала) шектелмей, цифрлық салаларды да зерделеу қажет. Қазір бізде финтех, medtech, edutech белсенді дамып келеді. Бұл әйелдердің мүмкіндіктері мен қабілеттері танылатын салалар», - дейді Азиза Шужеева.

Қазақстандағы әйелдердің көбі әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысады

«Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлікте әйелдер көп. Бір жағынан бұл әлеуметтік сала болған соң, әйелдер бұл мәселелерді неғұрлым нәзік сезінеді. Ендігі бір себебі, әйелдер көбінесе жеке басына қатысты мәселелермен айналысады. Бірақ бұл мүгедектігі бар адамдарға қатысты сұрақтар ғана емес. Шын мәнінде әлеуметтік кәсіпкерлік көптеген мәселелерді қамтиды. Бұл экология, білім беру және басқа да мәселелер болуы мүмкін», - дейді «Замандас 21» ҚҚ директоры Ләззат Алшинова.

Бір атап өтерлігі, Орталық Азия елдерінде әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына кедергі келтіретін ортақ мәселелер бар.

Мәселен, WAGE «Орталық Азия елдеріндегі әйелдер кәсіпкерлігінің күн тәртібі» өңірлік бағдарламасы шеңберінде бірнеше кедергілер анықталды. Гендерлік кедергілер арасында Қазақстанның кейбір өңірлерінде патриархалдық қоғамның күшті ықпалы байқалды. Онда әйелдер отбасы мен тұрмысқа қатты байланған және бизнесті кеш бастайды, өйткені жылдар бойы отбасы тарапынан қолдау аз.  

«Бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары туралы барлық ақпаратты қамтитын бірыңғай онлайн бизнес-платформаның болмауы, қаржы ресурстарына қол жеткізудің қиындығы, Қазақстанда тәжірибе жүзінде қолданылатын сапалы бизнес-оқытудың болмауы, гендерлік кедергілер және т.б. мәселелер әйелдердің кәсіпкерлік қызметке толыққанды қатысуына кедергі болып табылады», - деп атап өтті Қазақстандағы Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығының (CIPE) өкілі Зарина Бекболат.

Бұған қоса, әр түрлі деңгейдегі ұйымдар мен компанияларда әйелдерге басқару тізгінін бере қоймайды.

Коалиция жоғарыда аталған кедергілерді азайту және Қазақстан әйелдерінің кәсіпкерлік қызметін дамытудағы мақсаттарға қол жеткізу үшін өз күштерін біріктірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы