Елордада ат спортынан қала әкімінің кубогі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Алтын Тұлпар» манежінде ат спортынан тұңғыш рет Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогі өтті. Додаға 48 шабандоз қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жарыс төрт категорияға бөлінген. Алдымен бастауыш шабандоздар мен атқа мінуді енді меңгерген жасөспірімдер биіктігі 60-70см кедергілерді бағындырды.

Ат спортымен айналысып жүргеніме үш жылдан асты. Бүгін қала әкімдігі мен ат спорты федерациясы осындай жарысқа бастамашы болып отыр. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Енді алдымызда Алматыда республикалық деңгейде өтетін бәсеке күтіп тұр, - дейді жарысқа қатысушы Айнагүл.

Жасөспірімдер арасында Амира Кабжанова ең көп ұпай жинап, бірінші орынды жеңіп алды. Ал күміс алқаны Адия Қуат иеленсе, жас шабандоз Услима Қуат қоланы місе тұтты.

«Бастауыш шабандоз» санатында Карима Мұрзабекованың аты озып, жеңімпаз атанды. Томирис Касаева екінші, ал Тамила Жанғалиева үшінші орын алды.

Екінші кезеңде «әуесқойлар» өзара үздікті анықтады. Биіктігі 80 см кедергіні оңай еңсерген Наталия Гартман алтыннан алқа тақса, сәл ғана ұпай айырмасымен Айнагүл Мұңайтбасова екінші, ал Бота Данияр үшінші орынға тұрақтады.

Үшінші «жас шабандоздар» категориясында 23 жасөспірім бақ сынады. Синхронды байланыс орната алғандар биіктігі 100 см кедергіні оңай еңсерді. Әр тапсырманы сәтті орындап, толық ұпай жинаған Камалидин Дуппаев алтын медаль иеленді. Екінші орынға Лаура Алдабергенова тұрақтаса, қоланы Айзере Нұрқасым жеңіп алды.

Ал төртінші «Ашық класс» санатында шеберлер өз күші мен атының бабын сынға салды. Биіктігі 120 см кедергілерден өтіп, көреремен ықыласына бөленгендер көп болды. Әрбір кедергіні сәтті бағындырған Ержан Мағжаев кубок иегері атанса, Спандияр Файзуллаев күміс медаль алды. Ал Райса Соколенко үздік үштікті түйіндеді.

Игілігі мол, денсаулыққа пайдасы зор жарыс ұйымдастырылғаны үшін алғысым шексіз. Алдағы уақытта ат спортынан осындай жарыстар көптеп ұйымдастырылса деген тілегім бар. Оған қатысушылар да, жеңімпаздар да көп болатынына сенімдімін, - дейді қатысушы Наталья Гартман.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы