Елордада «Әсемдіктің, үндестік пен сұлулықтың нышаны» атты көрме ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратында кітапхананың музей жинағынан «Әсемдіктің, үндестік пен сұлулықтың нышаны» атты қор көрмесінің  ашылуы өтті. 


Көрме «Музейлік топтама» ғылыми жобаның аясындағы музейтанушылық зерттеулердің нәтижесі болып табылады.


Елбасы кітапханасының музей қорында дипломатиялық сыйлықтардан құралған түрлі коллекциялар жинақталған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа ұсынылған бұл сыйлықтар Қазақстан халқына және оның көшбасшысына деген құрмет белгісі болып табылады, архив және кітаптық топтамалармен қатар Елбасы кітапханасы жинағының байлығы мен мазмұнының тағы бір қырын ашады.


Көрменің ашылуында сөз алған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жаңа директоры Бақытжан Темірболат өзін таныстырып, көрменің жұмысын ашты.


Ұсынылып отырған экспонаттар тек өнер жәдігерлері емес, олар Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көпвекторлы сыртқы саясаты мен республикамыздың халықаралық беделін айғақтайды. Әлем жұртшылығының Қазақстанға деген құрметі мемлекет және үкімет басшыларының, халықаралық ұйымдар мен дүниежүзілік компаниялар жетекшілерінің тарту еткен сыйлықтарынан көрініс тауып отыр. Кез келген көрмедегі құнды экспонат еліміздің халықаралық қарым-қатынас орнатудағы тарихы, Елбасының жеке тәжірибесі мен таптырмас саяси көрегендігінің дәлелі. Нұрсұлтан Назарбаев ел тұтқасын ұстаған жылдарында күллі әлемге өзінің бейбітшілік пен достық стратегиясы арқылы заманауи саяси диалогтың моделін ұсынды, - деді ол.



Көрмеде Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын суреттейтін әлем халықтарының сәндік-қолданбалы өнерінің 53-тен аса үлгісі ұсынылған. Бұл экспонаттар вазалардың кең тақырыптық жинағының аз ғана бөлігі.


Сондай-ақ, соңғы 4 жыл бойы Елбасы кітапханасын басқарған Әмірхан Рахымжанов жаңа директордың жұмысына сәттілік тілеп, сөз сөйледі.


Қазақстан үшін биылғы жыл өте қызықты. Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтіледі. Барлық әріптестерімді, қонақтарды жаңа жылдың басталуымен құттықтаймын. Бүгінгі көрме қызықты экспонаттар көрмесінің жалғасы. 30 жыл ішінде түрлі мемлекеттің басшылары өздерінің дипломатиялық сыйлықтарын Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасыға тарту еткен. Осы ретте кітапхананың әкімшілігі экспонаттарды жинақтап, қонақтарды қандай көрмелер қызықтыратын туралы ойластырып, осынау көрмені ұйымдастырып отыр. Бүгін әр түрлі елдің өнерін тамашалай аласыздар, - деді экс-директор.

Көрмеге қойылған барлық зат материалы, жасалу техникасы, қолданылуы, пішіні, өрнектелуі бойынша алуан түрлі. Фарфордан, керамикадан, шыныдан, металдан жасалған құмыралар Түркия, Қытай, Ресей, Еуропа, Орта Азия, Жапония, Въетнам, Малайзия және басқа да елдердің шеберлерлік мектептері жасаған бұйымдарын көрсетеді.


Осы ыдыстардың пішінінен халықтардың шаруашылық өмірі, діни көзқарастарының ерекшеліктерін, адамгершілік пен этикалық нормаларын тапқан көркем бейнелерін байқауға болады. Вазалар таңғажайып тарихи мәтінге ие, оларды жасау мен қолданудың әдістерін, техникасын, әсемдігін айқындайтын рухани және материалдық өмір философиясын баяндайды. 


Көрмеде сөз сөйлеген Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы өз пікірімен бөлісті.


Бүгінгі көрменің аты әсемдік, үндестік, сұлулық - бұл ақын-жазушылардың кез келгенінің жүрегінде бар дүние. Жалпы елдікті, бірлікті, берекені, ынтымақты үндестікке, сәйкестікке, әсемдікке әкеліп тұратын бұл ақын-жазушылар деп ойлаймын, - деп айтты.

Аталған көрме Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып өткізіліп отыр.


Айта кетейік, «Әсемдіктің, үндестік пен сұлулықтың нышаны» қор көрмесі 2021 жылдың 15 наурызына дейін жалғасады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы