Елордада Аналар кеңесі отбасы институтының мәселелерін талқылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА ұйымдастыруымен қалалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Бұл жиынға «Жанұя» отбасын қолдау институты орталығы, қалалық полиция департаменті мен көпбалалы аналар қатысты, деп хабарлады «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі.
Іс-шараны Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова ашты.
«Аналар кеңесі-Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының бірінен саналады. Оның негізгі қызметі отбасы институты құндылығын және ізгі отбасы тәрбиесін, сондай-ақ халықтық әдет-ғұрыптар тәлімін насихаттауға бағытталған. Бұл ретте Аналар кеңесі мүшелерінің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының дағдарыс орталығына және медицина қызметкерлерінің өтініші бойынша ауруханаларға да баратынын атап өткен ләзім» -, деді Құсайынова.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығының кураторы Әйгерім Тәңірбергенова көпшілікке «Жанұя» отбасын қолдау институтының әлеуметтік жобасын таныстырды.
«Бұл орталықтың ерекшелігі, кеңестік тұрғыдан жәрдем беретін БЖЗҚ және ХҚКО мекемелерімен қатар орналасқан. Біз бір күнде 100-150 адамға қызмет көрсетуді жоспарлаймыз. Сонымен бірге, екінші қабатта психолог кабинеті бар. Сондықтан қыз-келіншектер барлық сұрақтарына қатысты осы жерден тиянақты жауап ала алады»,- деді Тәңірбергенова.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Ақмарал Серікбаева елордадағы отбасылық-тұрмыстық жағдайындағы зорлық-зомбылық ахуалын мәлімдеді.
«Жыл басынан бастап, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылыққа сәйкес, шамамен 5 мың акті тіркелді. Мәселен, заң бойынша нәзік жан өз құқын қорғау жөнінде арыз түсірсе, құқық бұзушыға қатысты сот актісі жасалады да, ол профилактикалық есепке қойылады», - деп атап өтті Серікбаева.
Аналар кеңесінің мүшесі Ханифа Мациева Қарағанды облысы Осакаровка ауылының жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернат-үйімен бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын түсіндірді.
Бұл жиында көпбалалы аналар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Шара соңында елордалық ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Алтынай Тәңірбергенова осы жыл қорытындысы бойынша баяндама жасады.