Елордада әлем сарапшыларының қатысуымен «Астана клуб» отырысы өтіп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Пандемиядан кейінгі жаңа әлем» тақырыбында «Астана клубының» алтыншы отырысы өтуде.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Астана клуб» пікірталас алаңында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Назарбаев стратегиясы және Қазақстан мен Орталық Азия болашағы» сессиясы өтеді.
Сессияда еліміздің дамуының отыз жылдық тәжірибесіне баға беріліп, ішкі және сыртқы саясатты қалыптастырудағы Тұңғыш Президенттің рөлі жайлы сөз қозғалады. Сондай-ақ жаңа геосаяси жағдайдағы аймақтың даму мүмкіндіктері талқыланады.
Алтыншы «Астана клуб» отырысындағы Жаһандық Альянс көшбасшыларының басқосуы аясында ядролық қауіпсіздік мәселесі көтеріледі. «Түн ортасы: ядролық диалог бойынша іс-әрекет уақыты» атты отырыста жаһандық стратегиялық тұрақтылық саласында туындаған дағдарыстан шығу мүмкіндіктері талқыланады. Бұған қоса, алдағы жылдардағы Альянс жұмысының басым бағыттары айқындалады.
Елбасы бастамасымен Ядролық қауіпсіздік үшін көшбасшылардың жаһандық альянсы 2019 жылы «Астана клубының» бесінші отырысының қорытындысы бойынша құрылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасқан дәстүрге сай клубтың «Үлкен Еуразия: жаңа әлем көрінісі» атты пленарлық отырысына төрағалық етеді.
2019 жылы «Астана клубтың» бесінші отырысы кезінде заманауи өзекті мәселелер мен ғаламдық проблемаларды шешу жолдары талқыланды.
Бізді әлемдік экономикадағы жағдай алаңдатып отыр. Одан төніп тұрған дағдарыстың белгілері барынша байқалып жатыр. Сауда саласындағы қайшылықтар мен гесосаяси тұрақсыздық күшейіп жатқанда жаһандық институттар да тиісті болжамдарын жасап отыр. Жаһандық өсімнің баяулап кетуі әлемдік сауда-саттықтың дамуына кері әсерін тигізуде. Бұл факторлардың барлығы әлемдік тұрақтылыққа кері әсерін тигізіп отыр, – деді «Astana club» V мәжілісінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.