Елордада алғаш рет «Көрпе Fest» фестивалі өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Асыл ана» әлеуметтік жобасы аясында 4-6 шілде аралығында елімізде тұңғыш рет елорда күніне арналған «Көрпе Fest» мега-фестивалі өтеді, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Фестиваль аясында көпбалалы аналарға тігін және қолданбалы өнер бойынша тегін оқыту сабақтары өтеді. Шеберлік сабақтарды елден тыс жерде танымал ұлттық қолөнер бұйымдарын шығаратын этно-дизайнер, ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ырза Тұрсынзада өткізетін болады.

Қолөнер сабақтары сағат 11-де «Көрме» көрме залында басталады. Шеберлік сағаты қатысушыларына қолданбалы өнердің негіздері мен құпиялары, өз бизнесін ашу тәсілдері, оны табыс табу үшін әлеуметтік желілерде жүргізу жолдары үйретіледі.   

«Шараға көпбалалы аналар қатыса алады. Өз кезегінде қатысушылар еліміздің табысты әйелдерімен бір қатарда нәтижеге жетуге ұмтылу тиіс», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Сонымен қатар, 6-10 маусымда өткен «Асыл ана» тренинг-семинарына қатысқан көпбалалы аналар «Көрпе fest» мега-фестивалі байқауына қатысады. Байқауға қатысушылар өз жұмыстарын көрмеге ұсынса, фестиваль қонақтары еңбектеріне баға береді. Ал жеңімпаздар дипломдармен, тігін машинкаларымен және басқа да бағалы сыйлықтармен марапатталады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы