Елордада аккумулятор ұрлаумен айналысқан топ ұсталды

Жедел-іздестіру шаралары барысында «Сарыарқа» ауданы ПБ-ның полицейлері «Камаз» автокөлігінің аккумуляторын ұрлады деген күдікпен үш адамды анықтады, деп хабарлады BAQ.KZ.

Астана қаласы ПД баспасөз қызметі хабарлағандай, жастар түнгі уақытта Серкебаева көшесіндегі тұрғын үйдің тұрағынан «Камаз» көлігін көрген. Көлік иесінің жоқтығын пайдаланған ұрылар құны 80 000 теңге тұратын аккумуляторды ұрлап кеткен.

Жас жігіттер өздеріне тиісті қорытынды жасамай, кезекті ұрлыққа барған.

Бұл жолы олар таңертеңгі уақытта «Кеңдала» көшесінде келе жатып, «Шансиман» маркалы көлігін байқап, олардың әрекетін ешкімнің бақылап отырмағанына көз жеткізіп, аккумуляторды ұрлап кеткен.

Кейіннен ұрланған мүлікті металл қабылдау орнына тапсырған.

Бейнекамераларды зерделеу кезінде полицейлер ер адамдардың белгілері мен жүру бағытын белгіледі. 5 эпизодтан астам ұрлық жасағанын мойындаған 19, 22 және 26 жастағы қала тұрғындарына қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - деді Сарыарқа аудандық ПБ-ның бөлім бастығы Қадыр Малғаздаров.

Олардың елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Анықталған қаскүнемдер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Көлік иелеріне көліктерден ұрлау фактілерін болдырмау үшін оларды күзетілетін тұрақтарға немесе бейнебақылау камераларымен жабдықталған орындарға қоюға кеңес беріледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы