Елордада «Аға буын IT Университеті» ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ақпараттық технологиялар факультетінің «Аға буын IT Университетінің» ашылу салтанаты өтті.
«Күміс жас» деп аталатын буын немесе 60+ буыны әлемдегі 7,6 миллиард халықтың 13,17%-ын құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 18,5 млн халықтың 11%-ын құрайды.
Елімізде соңғы жылдары қоғамның түрлі әлеуметтік топтары үшін қосымша білім беру мүмкіндіктері мен жағдайлары жасалуда, бұл біздің қоғамымыздың балалар мен жастар сияқты санаттары үшін ментальді, әлеуметтік, рухани және физикалық дамуы үшін көптеген мектептердің, курстардың, алаңдардың пайда болуы.
Қосымша білім берудің осындай барлық түрлерін үздіксіз білім беру тұжырымдамасына интеграцияланған «Аға буын университеттері» деп аталатын алаңда жеткілікті түрде жүзеге асыруға болады.
«Аға буын IT университеті» - аға буынға заманауи IT – технологиялар бойынша белгілі бір білім деңгейін алуға және тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға тегін мүмкіндік беретін әлеуметтік қызмет көрсетудің инновациялық түрі.
Аталған іс-шараны ресми түрде басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор Еркін Оңғарбаев ашты. Ол өз сөзінде қоғам үшін үздіксіз білім берудің маңыздылығын атап өтіп, «Аға буын IT университеті» курсының барлық тыңдаушысына оқуда сәттілік тіледі.
Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Шахмаран Сеилов өз сөзінде Өмір бойы оқыту тұжырымдамасы (үздіксіз білім беру) және Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Күміс университеттерін» құру механизмін әзірлеу қарастырылғанын атап өтті.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында Ақпараттық технологиялар факультеті 4 бағытты қамтитын «i-EVOLUTIONS цифрлық дағдыларды дамыту кешенді бағдарламасын» әзірледі:
1. Аға буын IT университеті - аға буынға арналған білім беру бағдарламасы.
2. Оқушылар мен жастардың цифрлық дағдыларын арттыру, университеттің IT-мамандықтарына тарту және IT-саласын танымал ету мақсатында мектеп жасындағы оқушыларға арналған IT академия.
3. Кәсіптік білімі бар, сәйкес бейін бойынша педагогтық кәсіптік қызметке алғаш рет кірісетін, педагогикалық білімі жоқ IT – мамандықтардың түлектеріне арналған педагогикалық қайта даярлау курсы.
4. Информатика мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, кәсіби білімдерін, біліктері және дағдыларын жетілдіру, университеттегі магистратура және докторантураның IT-мамандықтарына тарту үшін орта мектептердің информатика пәні мұғалімдеріне арналған білім беру бағдарламасы.
Ақпараттық технологиялар факультеті деканының академиялық мәселелер жөніндегі орынбасары Жанар Ахметова Қазақстанда үздіксіз білім берудің аса қажеттілігін ескеріп, инновациялық технологияларды кеңінен қолдана отырып, өзін-өзі жетілдіреуге көмек ретінде бірінші кезеңде университетіміздің аға буын өкілдерін оқыту туралы ұсыныс жасады.
«Аға буын IT университетінің» салтанатты ашылуына қаланың және университеттің құрметті қонақтары - сенатор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі У.Қ. Қалижанов, «Тарихи Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қоғам қайраткері, жазушы Үзбен Құрманбайұлы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің БАИ директоры А.С. Ильясова шақырылды.
«Күміс IT университетінің» жетекшісі, «Информатика» кафедрасының меңгерушісі Ж.Е. Зулпыхар қонақтарды және тыңдаушыларды «Цифрлық сауаттылық» оқу курсы және оның мазмұнымен таныстырды:
- компьютерлік сауаттылық
- Microsoft Excel
- Microsoft Teams
- Microsoft Power Point-та презентация құру
- цифрлық гигиена
- eGov – электрондық үкіметімен жұмыс
- мобильдік қосымшалармен жұмыс
- Cisco желілік академиясының netacad.com платформасындағы IoT, Cybersecurity, IT Essentials-қа кіріспе.
Ресми бөлімнің соңында Ақпараттық технологиялар факультетінің «Аға буын IT университеті» ұйымдастырушылары барлық тыңдаушыға денсаулық және оқуда табыс тіледі.