Елордада Абай және Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Астанада өңірлерден келген тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы өтіп жатыр. Осы демалыста өз өнімдерін Абай және Қызылорда облыстарының аграршылары ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Абай және Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер елордаға ет, сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөністер, бал және басқа да тауарларды қоса алғанда 830 тоннадан астам өнім әкелді.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына Қызылорда облысының әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады. Келесі жәрмеңкеде Павлодар, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары өз өнімдерін жеткізеді, – дейді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Қосман.
Жәрмеңкедегі ассортимент алуан түрлі. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің сөрелерінде ет, күріш, балық, көкөністер мен жемістер, өсімдік майы, сүт өнімдері, бал, қымыз, шұжық өнімдері, бақша дақылдары, ас тұзы, сондай-ақ сүт және кондитерлік өнімдер сияқты өнімдер алуға болады.
Жалпы, Абай және Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жәрмеңкеге 400 тонна күріш, 100 тонна балық, 100 тонна сиыр және жылқы еті, сондай-ақ 30-40 тоннаға жуық бал әкелді.
Айта кетейік, биыл жәрмеңке Қарқаралы тас жолындағы «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы орында өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін жәрмеңкелерді өткізу кезеңінде №18, 37, 303 және 323 бағытындағы автобус маршруттары қамтамасыз етіледі.
Жәрмеңкелер әр демалыс күндері 27 қазанға дейін өтеді.