Елордада Әбдіжәміл Нұрпейісовтің құрметіне халықаралық онлайн конференция өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ әдебиетінің біртуар азаматы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің құрметіне «Ә.Нұрпейісов шығармашылығы және әлемдік әдеби үдеріс» атты халықаралық деңгейдегі онлайн конференция өтті.
Сонымен бірге конференция аясында Ұлттық кітапханада Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу залының ашылу салтанаты өтті.
Бүгін өздеріңіз куә болып отырған керемет кездесу болып отыр. Егеменді елімізде үлкен әдеби мереке өтуде. Өйткені біздің абыз ағамыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің атына Ұлттық кітапханамыздан зал ашылып жатыр. Бұл жалпы жазушыларға көрсетілетін дүниежүзілік дәстүр деп айта аламыз. Бұл ағамыздың елімізге қосқан үлесі мен еңбегіне тағзым ретінде қарастырылып отыр. Біздің Әбдіжәміл ағамыз әдебиетіміздің үлкен мақтаншы. Қазіргі таңда 98 жасқа келді, – деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Көрмені ашудағы негізгі мақсат - Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық мұрасын, жинаған кітапханасын елге таныстыру, кітап оқуды ілгерілету, кітапхананың имиджін көтеру. Сондай-ақ жазушының шығармашылық мұрасын зерттей отырып, қазақтың классикалық және қазіргі заманғы әдеби шығармаларды жастардың оқуына ықпал ету.
Зал кітапсүйер оқырмандар үшін классикалық стильде жасалған.
Іші заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Алдағы уақытта оқу көрсеткіші мен қазақ әдебиетінің мәртебесін арттыру мақсатында оқу залында клубтар мен үйірмелер және поэзия кештері ұйымдастырылмақ.
Жазушы ағамыз өз еңбегінде қазақ халқының өмірбаянын, өткен ғасырдың 20-30 жылдары болған тарихын әдебиетімізді ең биік деңгейде көрсете білді. Біз ерекше сезіммен бүгінгі залды ашып жатырмыз. Ең алдымен Әбдіжәміл ағамызға денсаулық, шығармашылық шабыт тілейміз. Алдағы уақытта да бізге керемет туындыларын ұсына берсе екен дейміз, – деді Ақтоты Райымқұлова.
Әбдіжәміл Нұрпейісов КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер : Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов және Жұбан Молдағалиев қана алған.
2019 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы жазушыға «Қазақстанның еңбек ері» атағын берген болатын. Бүгінде қаламгердің шығармалары 35 тілге аударылған.