Елордада 40 тұрғын үй кешені жөндеуден өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы елордада тұрғын үй қорын жаңғырту барысында "Нұрлы жер" тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 36 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді.
Сонымен қатар, 16 көппәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Үйлерді күрделі жөндеуден өткізу үшін аудандық әкімдіктер "Өркен қала" ЖШС-мен бірлесе пәтер иелеріне тұрғын үй қорын жаңғырту механизмін түсіндіріп жатыр. Соңғы жылдары 120-дан астам тұрғын үй кешені күрделі жөндеуден өтіп, 72 тұрғын үй кешенінде 150-ге жуық лифт ауыстырылды.
Қала әкімі Алтай Көлгінов тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласын тұрақты түрде жаңғыртып тұру қажет екенін атап өтті. Бұл ең біріншіден тұрғындарды қауіпсіздікпен қамтуға байланысты.
Үйлердің қасбетін тиісті түрге келтіру қажет. Қатты жел соққан кезде плиталар құлай бастайды. Тұтанғыш материалдардан да қауіп көп. Мемлекеттің тапсырмасы бар. Үйлерді зерттеу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Құрылыс маусымы басталғанға дейін барлық құжаттарды дайындап, жұмысқа кірісу керек. Мысалы, "Территория комфорта - 2", "Орбита" үйлерінің қасбеті бойынша сұрақтар бар. Биыл 20 тұрғын үйдің қасбетін ауыстырамыз. Сондай-ақ лифтілер мен өрт қауіпсіздігі жүйелері бойынша да сұрақтар бар. Биыл 30-дан астам лифт ауыстырылады. Елорданың дизайн-кодының ережелерін сақтау қажет, - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов атап өткендей, пәтер иелері кооперативтері және өрт сөндіру қызметі тарапынан белсенділік қажет. Олар аудандық әкімдіктермен бірлесіп тұрғын үйлерді аралап, тұрғындармен кездесулер өткізеді.