Елордада 20 мектеп бой көтереді – әкім

Бұл туралы Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Үкімет тарапынан 4000 орынға арналған ауқымды жайлы мектептердің құрылысын бастауға рұқсат алдық. Олардың 20-сын жобалауды қолға алдық. Бұл 20 мектеп 80 мың оқушыға есігін айқара ашады. 2025 жылға дейін елордада тағы да 120 мың орынды қамтитын мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін 70 мың орынға алған білім ордаларын ашсақ, биыл 100 мың орыннан астам орынды қамтыған мектептер бой көтерді, - деп атап өтті қала басшысы Астанада өтіп жатқан педагогикалық форумда сөйлеген сөзінде. 

Сонымен қатар әкім мектептердің материалдық жабдықталуына да тоқталды. 

70-тен астам мектеп заманауи пәндік жабдықтармен, стенд-зертханалармен жабдықталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы екі жылда – 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 50%-ға көбейді, - деді Алтай Көлгінов.  

Еске сала кетейік, Астанада «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру» атты ХІІІ халықаралық ғылыми-практикалық форум өтіп жатқаны туралы жазған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы