Елордада 159 мекеме «Ashyq» жобасының көшбасшылар тізіміне енді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда «Ashyq» жобасы көшбасшыларының тізімі жаңартылды. Қазіргі уақытта 159 мекеме қосымша жеңілдіктер беретін екі апталық статусқа ие болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Ashyq» жобасының жаңартылған көшбасшылар тізіміне 159 ұйым енді. Олардың арасында әуежай, вокзалдар, ірі сауда ойын-сауық орталықтары, бөлек орналасқан дүкендер, мәдениет нысандары, қоғамдық тамақтану орындары, бассейндер, СПА-орталықтар және т.б. бар.Жоба көшбасшыларының тізімін қала әкімдігі «Ashyq» жобасына қатысатын нысандарда (екі апталық кезеңде) QR-код арқылы тіркелген келушілердің мәліметі негізінде қалыптастырады.
Естеріңізге сала кетейік, «Ashyq» көшбасшысы» статусын алған жоба қатысушысы «қызыл» аймақта орналасса «сары» аймақтың шарттары бойынша, ал «сары» аймақта «жасыл» аймақтың шарттары бойынша жұмыс істей алады. «Жасыл» және «қою қызыл» аймақтардағы жоба қатысушыларына жұмыс тәртібі қосымша 2 сағатқа ұзартылады, сондай-ақ нысанның толтырылуы 10%-ға артады.
Вакцинаның бірінші компонентін қызметкерлердің кемінде 90%-ы алған жағдайда, бұл орайда соңғы 3 ай ішінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды, ауырып жазылған адамдарды есепке алмағанда нысанның толтырылуы 20%-ға көбейеді.
Естеріңізге сала кетейік, жобаға қатысушылар санитарлық нормаларды толықтай сақтауы тиіс. Егер карантин талаптары бұзылса тізімнен шығарылады.