Елордада 150-ге жуық медицина қызметкері КВИ-ға қарсы вакцина салдырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 145 медицина қызметкері коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Бірінші кезеңде елордалық стационарлардың, қаланың инфекциялық орталығының медицина қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері екпе алды.

Көшпелі бригаданың фельдшері вакцинация туралы ойымен бөлісіп, өзін қалай сезінетінін жеткізді:

Вакцинациядан кейін жағымсыз әсерін сезінген жоқпын. Яғни басым айналу, жүрегім айну деген байқалған жоқ. Өзімді қалыпты сезінемін. Өзіме таныс емес адамдармен тығыз жұмыс істеймін, науқастарға жиі барамын, сол себепті екпе алу туралы шешім қабылдадым, - деді фельдшер Ерсұлтан Үсенұлы.

Ал №9 қалалық емханасының фильтр-кабинетінің дәрігері Қайнар Фархадұлы ойын былайша жеткізді:

Күніне ЖРВИ мен суықтың белгілері бар 250-ге жуық адам келеді. Бірақ тест жүргізбей тұрып, бәрі коронавирус инфекциясымен ауырмайды деп сеніммен айта алмаймын. Вакцинация - алдымен менің қорғанысым. Қазір вакцинациядан кейін өзімді жақсы сезінемін, - дейді фильтр кабинетінің дәрігері.

Елордада барлығы 6 300 медицина қызметкері КВИ инфекциясына қарсы егіледі. Айта кету керек, тізімдер мамандардың ерікті келісімі бойынша жасалады.

Естеріңізге сала кетейік, вакцинация 2 кезең бойынша жүргізіледі, алдымен бірінші компонент 0,5 мл дозада, ары қарай екінші компонент те дәл осылай - 0,5 мл дозада (21-42 күннен кейін). 21 күннен кейін вакцина қабылдағандар екінші кезеңін алу үшін тағы да сол орнына шақырылады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы