Елордада 100 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу анықталды
Бұл жайлы Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Полиция департаменті Жергілікті полиция Басқармасының бастығы Арман Айтмағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жыл басынан бері елорада көлікті мас күйінде көлік басқарғаны үшін 855 жүргізуші ұсталған. Ал, авариялық жағдай жасағаны үшін 1500-ден астам әкімшілік хаттама толтырылған.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімі бойынша 673 жүргізуші көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды, қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке 829 адам тартылды,-дейді Арман Айтмағамбетов.
Сондай-ақ, қыркүйектен бастап бір ай бойы полиция қызметкерлері «Абайлаңыз-балалар!» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізетін болады. Яғни, полиция қызметкерлері ата-аналарға баламен бірге үйден мектепке және кері қайтатын қауіпсіз жолды зерттеуге кеңес береді.
Арман Айтмағамбетовтің айтуынша, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жеке тәртіпсіздігі жол қауіпсіздігіне де әсер етеді. Әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы 415-тен 97 немесе 23,4% - жаяу жүргіншілердің кінәсінен болады.