Елордада 100 адамға арнап үйлену тойын өткізген мейрамхана анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада шектеу шараларын елемей отырған кәсіпкерлік нысандары әлі де бар. Мониторинг кезінде 100 адамға арнап өтіп жатқан той анықталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Өткен тәулікте, яғни 20 маусымда елорданың мониторингтік топтары карантиндік шектеулерді бұзған 10-ға жуық мекемені анықтады.

Мәселен, Байқоңыр ауданында орналасқан «Сері» тойханасында ұжымдық іс-шара өткізілді. Ал Алматы ауданындағы «Versal 777» 100 адамға арнап үйлену тойын өткізгенін анықтады. Сондай-ақ «Панаехали» барында карантин талаптары бұзылғаны белгілі болды.

Сарыарқа ауданында орналасқан «Brio» караоке клубы жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан келушілерді қабылдаған.

Есіл ауданында «Infornо» мейрамханасы, «Alanya» караоке-мейрамханасы, «Текила» бары, «Аura» түнгі клубы есігін жауып алып, жабық есіктің ар жағында жұмыс істеді.

Ал «The Kitchen» мейрамханасы мен «Star Pub» барының қызметкерлері маска режимін сақтамады.

Карантинді бұзушыларға қатысты жиналған материалдың бәрін әкімшілік шаралар қабылдау үшін аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына берілді.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақтан шыққан жоқ. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормаларды, карантин режимін қатаң сақтауы және тұрғындар арасында коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуын болдырмас үшін санитарлық дәрігердің ұсыныстарын ұстануы керек.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы