Елордада 100 адамға арналған той өткізілген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың мониторинг топтары кәсіпкерлер арасында карантин талаптарын қасақана бұзушыларды анықтауда.

Қалада карантиннің күшейтілгеніне қарамастан өткен тәулікте бірден екі той өткізіліп, оған 100 адам қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Кеше, яғни 27 маусым күні елордада карантин режимін бұзған 5 мекеме анықталды. Есіл ауданында орналасқан «Portofino» мейрамханасында 100 адамға арналған той өткізілді. Мекемеде қалалық санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген шектеу шаралары сақталмаған.

Ал Алматы ауданындағы «Бақ сарай» мейрамханасында 100 адам қатысқан шара өтті. Сол сияқты «Ешь, пей» барында да әлеуметтік арақашықтық бұзылған.

Карантиндік режимді бұзғаны үшін Байқоңыр ауданындағы «Мустанг» кафесі мен Сарыарқа ауданындағы «Панаехали» барының қызметкерлері бетперде кимегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қолдану үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, эпидемиологиялық ахуалға байланысты елорда әлі де «қызыл» аймақта. Бұған қоса науқастар арасында тез таралып, иммунитетті әлсірететін коронавирустың үнді штаммы анықталды. Қазіргі жағдайға байланысты елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ, кәсіпкерлер дәрігерлердің нұсқаулары мен санитарлық нормалардың бәрін қатаң түрде сақтауы тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы