Бүгін - астана күні
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астана күні Қазақстанда мемлекеттік мереке саналады. Әр жыл сайын 6 шілдеде аталып өтеді.
Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.
1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен "әлем қаласы" атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.
2008 жылдан бастап Астана күні мемлекеттік мейрам – демалыс күні болып жарияланды.
2019 жылы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, Елбасының атын мәңгі сақтау үшін Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасады.
Біз, қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек. Бұл халқымызды, әсіресе, жастарды тарихқа құрметпен қарауға тәрбиелеп, Елбасының даңқты қызметін әділ бағалау үшін маңызды. Ұлы замандасымыздың, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атын келесідей түрде есте қалдыру қажет деп санайын. Елордамыз оның атын иемденіп, Нұр-Сұлтан деп аталуы тиіс. Мұндай ұсыныс бұған дейін 2016 жылдың 23 қарашасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай парламентарийлер қабылданған декларацияда айтылған еді, - деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.