Елордада бір тәулікте 75 жол апаты тіркелген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда аумағында өткен тәулікте 75 жол-көлік оқиғасы тіркелді, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қолайсыз ауа райы қаладағы жол жағдайын едәуір қиындатты, дегенмен жағдай бақылауда болды. Елордалық полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдады. Тәртіп сақшылары қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге барынша көмек көрсетті.
Полиция жүргізушілерге қар құрсауынан көлік құралдарын шығаруға және оларды сүйретуге көмектесті, қарда тұрып қалған автокөліктерді итеріп, кептелістің алдын алу үшін жолдың қиын учаскелеріндегі қозғалысты реттеді. Полицейлермен бірге жүргізушілерге қоғам белсенділері де үлкен көмек көрсетті.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ауа райының жағдайын ескере отырып, барлық жүргізушілерден барынша мұқият болуды, жылдамдық режимін, қауіпсіз қашықтықты және жол белгілерінің талаптарын қатаң сақтауды сұрайды. Жаяу жүргіншілерге де сақ болу керек, жолды тек белгіленген жерлерде өту керектігін ұмытпаған жөн.