«Елорда жастары» қатысушыларына қойылатын талаптар қандай
Астана қаласының әкімдігі Отбасы банкімен бірге елордалық жастарға тиімді шарттармен тұрғын үй сатып алуға көмектеседі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана қаласында жастарға арналған «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы ашылады. Бұл қала әкімдігі мен Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлескен жобасы. Бағдарлама жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, журналистерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, ЖОО ұстаздары мен ғылыми қызметкерлерге, әлеуметтік сала мен коммуналдық қызмет қызметкерлеріне, полиция департаменті мен ТЖҚ қызметкерлеріне, сондай-ақ Астана қаласы бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелген жетім балаларға баспана сатып алу үшін жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді.
«Елорда жастары» жобасы бойынша қарыз алушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс.
Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға Астана қаласы әкімдігі 1,5 млрд теңге, Отбасы банк 1,5 млрд теңге бөліп отыр. Бұл қаражат бағдарламаның 200-ге жуық қатысушысын несиелендіруге көмектеседі.
Әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жергілікті атқарушы билік қалыптастырады.
Өтініштер qatysu.zhilfond.kz сайтында 2023 жылдың 30 мамыры сағат 9:00 бастап, 6 маусым сағат 23:59 дейін қабылданады. Авторизациядан өту үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң қатысушыларды іріктеу басталады. Үміткерлер пулы балдық жүйе бойынша қалыптасады. Ол еңбек өтілін және өтініш берушінің (ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе олардың балаларының) 1,2,3 мүгедектік тобына жататын-жатпайтынын ескереді.
Пул құрылғаннан кейін оның қатысушылары Отбасы банкінен несие алуға жолдама алады. Банк бағдарлама қатысушысының төлем қабілеттілігін тексеріп, жылдық 5 пайызбен (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) жеңілдетілген несие береді. Алғашқы жарна – 10%. Елордалық жас тұрғындарға берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге, мерзімі – 25 жылға дейін. Оның көмегімен алғашқы немесе екінші нарықтан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдемесімен үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан тұрғын үй сатып алуға болады, - делінген хабарламада.
«Елорда жастары» қатысушыларына қойылатын талаптар:
- Өтініш берген уақытта қатысушының жасы 35-тен (қоса алғанда) аспауы тиіс.
- Қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 1 жыл ішінде Астана қаласында үздіксіз тұрақты тіркеуі болуы қажет;
- Қатысушының Отбасы банкінде сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасы бар депозиті болуы тиіс (салымның бар екендігі туралы анықтама немесе шот бойынша үзінді көшірме).
- Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет.
- Қатысушының өтініш берген кезде кемінде соңғы бір жыл ішінде Астана қаласында таңдалған саласында ресми жұмыс тәжірибесі болуы тиіс. Ол зейнетақы шотының үзінді көшірмесімен расталады.
- Отбасының 1 мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 243 402 теңгеден аспауы тиіс (зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда);
- Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.