«Elorda zhastary»: Баспаналы болу үшін нені білу керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бір аптадан кейін елордалық жастарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Жоба аясында шамамен 200-ге жуық отбасы баспаналы болады. Енді бағдарламаға кімдер қасыла алады? Қандай құжаттарды жинау керек? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын материалдан оқи аласыздар.

«Elorda zhastary» жұмыс істейтін жастарға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау 14 қазанда сағат 9.00-де басталып, 21 қазанда сағат 23.59-да аяқталады. Осы ретте жастар елордадан «Отбасы банк» арқылы жеке пәтер сатып алуға мүмкіндік алады.

Бағдарламаның міндетті шарты - Отбасы банкінің салымшысы болу. Салымшының депозитінде кемінде 1,8 млн теңгесі болуы қажет.

Бағдарламаға кім қатыса алады?

– Медицина қызметкерлері;

– Педагогикалық қызметкерлер;

– Мәдениет саласының қызметкерлері;

– Жаттықтырушылар мен спортшылар-оқытушылар;

– Әлеуметтік сала қызметкерлері;

– Ғылыми ЖОО және ҒЗИ оқытушылары мен қызметкерлері;

– БАҚ қызметкерлері, журналистер (мемлекеттің 100% қатысуымен);

– Коммуналдық кәсіпорындардың/мекемелердің қызметкерлері;

– Полиция департаменті (оның ішінде бөлімшелер);

– Төтенше жағдайлар департаменті (оның ішінде бөлімшелер);

– Қандай да бір қызмет саласына жатпайтын, бірақ Нұр-Сұлтан қаласында «Жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар.

Бағдарламаға қатысушылардың тізімін жергілікті әкімдік қалыптастырады.

Ипотека шарттары:

– Несие сомасы 18 млн теңгеге дейін;

– Пайыздық мөлшерлеме – жылдық жеңілдетілген 5%;

– Бастапқы жарна - 10%;

– Несие мерзімі 25 жылға дейін;

– Алғашқы немесе қайталама нарықтан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдемесімен үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан тұрғын үй сатып алуға болады.

Қатысушыға қойылатын талаптар:

– Өтініш берген сәтте жұбайының (зайыбының) жасына (бар болса) қарамастан 35 жасқа дейін (қоса алғанда) азаматтар;

– Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінде ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы;

– Өтініш берушіде кемінде соңғы 1 жыл бойы Нұр-Сұлтан қаласында тұрақты мекенжай тіркеуі болуы және өтініш берушінің отбасы мүшелерін (жұбайы/зайыбы және балалары) Нұр-Сұлтан қаласында тіркеуі тиіс.

Төменде санамаланған қызмет салаларының бірінде Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан мемлекеттік қалалық, республикалық мекемелерде немесе кәсіпорындарда соңғы 1 жылдан кем емес еңбек қызметін жүзеге асыратын:

– Отбасының 1 мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табысы 6 ең төмен күнкөріс деңгейінен немесе отбасының бір мүшесіне шаққанда 205 812 теңгеден (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды шегере отырып) аспауы тиіс. Мысалы: өтініш беруші некеде тұрады және 2 кәмелетке толмаған баласы бар, отбасы құрамын ескере отырып, ерлі-зайыптылардың жиынтық табысы айына бір қолына 823 248 теңгеден (4*205 812=823 248) аспауы тиіс, яғни, ең бастысы-бұл сомадан аз, бірақ артық емес болуы тиіс.

Қажетті құжаттар тізімі:

1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (бала туу, неке қию, некені бұзу және т. б.);

2. Өтініш берушіге және Қазақстан Республикасы бойынша отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтама;

3. Ұйымның/мекеменің фирмалық бланкісінде анықтама берілген күні, шығыс нөмірі, жұмысқа орналасқан күні және атқаратын лауазымы мен лауазымдық жалақысы көрсетілген жұмыс орнынан берілген анықтама. Ресми бланк болмаған жағдайда анықтамада ұйымның мөрі болуы тиіс;

4. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар (қызметтік тізім, еңбек кітабы немесе т. б.);

5. Еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді-көшірме ерлі-зайыптылардың екеуіне де (жұбайы (зайыбы);

6. Болған жағдайда: өтініш берушіге немесе оның отбасы мүшелеріне (жұбайы, балалары) мүгедектігі туралы анықтама;

7. Депозитте жинақталған соманы көрсете отырып, “Отбасы банк” АҚ-да депозиттік шоттың болуы туралы анықтама (ерлі-зайыптылардың екеуіне де, жинақталған сома 1.8 млн. теңгеден кем болмауы тиіс);

8. Екеуіде жұмыс істейтін ерлі-зайыптылардың болған жағдайда соңғы 6 айдағы табысы туралы жұмыс орнынан анықтама;

9. Жоғары немесе орта арнаулы білімі туралы құжат.

Айта кетейік, өтінім беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы керек.

Балл қалай есептеледі?

– таңдалған салада толық 1 жыл жұмыс өтілі - 5 балл, таңдалған салада толық емес жұмыс өтілі – 3 балл.

– Нұр-Сұлтан қаласында «Жетім балалар» санаты бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған ретінде өтінім берген азаматтарға қызмет саласына қарамастан, толық 1 жыл жұмыс өтілі үшін – 5 балл, толық емес жыл жұмыс өтілі үшін – 3 балл есептеледі;

– өтініш берушіде немесе жұбайында (зайыбында) 1, 2, 3-топтағы мүгедектіктің немесе мүгедек балалардың болуы – 10 балл. Егер отбасының бірнеше мүшесінде мүгедектік болса, балдар әр мүгедекке есептеледі.

Айта кетейік, өтінімнің берілген күні мен уақыты маңызды емес. Қатысушылар бірдей балл жинаған жағдайда басымдылықты жасы бойынша үлкен қатысушы алады.

Құжаттар пакеті толық ұсынылмаған немесе дұрыс емес нысандағы құжат ұсынылған жағдайда, қараудан бас тартылады және өтінімді түзету мүмкін болмайды.

Бағдарламаға қатысу үшін құжаттарды qatysu2.zhilfond.kz порталы арқылы тапсыруға болады. Жүйе 14 қазаннан бастап іске қосылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы