Елорда тұрғыны емханада вакцинаны қалай салдыртқаны туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Ең алдымен екпені COVID-19-бен алғы шепте күресіп жүрген медицина қызметкерлері ала бастады. Енді медқызметкерлерден бөлек, қарапайым халық та вакцинациялануда. Осы ретте елорда тұрғыны Сабина Хасен вакцина салдырғаннан кейінгі жағдайымен бөлісті.

Сабинаның сөзінше, ол 4 сәуір күні Нұр-Сұлтандағы №9 қалалық емханада вакцина алды.
Негізі екпе дегеннен қорқатынмын, дегенмен осы жолы ештеңе сезбедім. Қарағандыда өндіріліп жатқан ресейлік Sputnik V вакцинасын салдырдым. Вакцинаны салардың алдында медбике қандай екпе екенін көрсетіп, таныстырды.
Бұл – мен салдырған вакцинаның бірінші кезеңі. Екіншісін, 21 күннен кейін аламын. Қашан, қай уақытта келіп, вакцина салдыратыным туралы телефоныма хабарлама келеді, - дейді елордалық.
Ол вакцина алғаннан кейінгі әсері туралы айта кетті.
Вакцинаны алған күні ешқандай жанама әсерін байқамадым. Кеше әлсіздік және дене қызуым аздап көтерілді. Алайда, бұл – барлығында кездесетін вакцинаның әсері. №9 емхана дәрігері мен медбикелерге алғысымды білдіремін. Олар бәрін рет-ретімен және шыдамдылықпен түсіндіріп жатыр, - деп алғысын айтты Сабина.
Сабина Хасен былтыр коронавирус инфекциясымен ауырып шыққан. Вакцинаны тұрғылықты мекенжай бойынша орналасқан емханада жасауға болады.
Емханаға барып, вакцина алу үшін тіркелу қажет. Терапевтке кірген соң, ол қан қысымын, температура, сатурацияңызды тексереді. Содан кейін барып қана вакцина салады. Вакцина салғаннан кейін күту бөлмесінде жарты сағат уақыт отырасыз. Бұл процесс аллергия және басқа да әсерлердің алдын алу үшін қажет, - дейді нұр-сұлтандық тұрғын.
Оның сөзінше, мұның бәрі емханада жасалады.
Адамдарға вакцина туралы ақпарат беру баяу жүргізілуде. Жалпы вакцинаның әсері туралы ғана емес, қандай мекемеде жасауға болатыны, мекенжайы мен нөмері толық берілуі тиіс. Әр жерде әр түрлі мәлімет. Бірізділік болғаны дұрыс. Нақты ақпарат жетіспеген соң, кейбірі медицинада білімі, сауаты жоқ блогерлерді тыңдауда. Өзім инстаграмдағы medsupportkz парақшасына жазылғанмын, бұл - дәрігерлер мен ғалымдардың қауымдастығы. Ол жерде көп ақпарат толық, түсінікті әрі екі тілде берілген, - деп тоқталды ол.
Елордалық айтқандай, вакцина салынса да, КВИ жұқтырып алу қаупі сақталады, сол себепті қауіпсіздік шараларын сақтап жүру керек. Сабинаның ата-анасы да вакцина алды. Қазір олардың да жағдайы жақсы.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы